СІЗ ҚАЙ ТИПТІ ТҰЛҒАСЫЗ?

Қазіргі қоғам адамнан барынша ашықтықты, айқын эмоцияны талап ететіндей. Аузында айтатын сөзі, нақты жеткізетін ойы бар адамның жанына барлығы да үйірсек болады. Ғылыми тілде ондайларды экстраверттер дейді. Бірақ біз бүгін экстравертке қарама-қайшы тип интроверттер жайында сөз қозғамақпыз.

Сонымен интроверт деген кім? Алғаш рет бұл ұғымды психология ғылымына енгізген Карл Густав Юнг пен Канс Юрген Айзенк болған. Сонымен, экстроверттер ойын ішіне бүкпей, ашып айтса, керісінше интроверттік мінез-құлыққа сай адамдар көп сөйлемейтін, эмоциясын жасырып ұстайтын қасиетке тән екен. «Ішімдегіні тап» деп бұқпантайлап жүретін бұл типтегі адамдар көбіне қарым-қатынасқа келгенде жалғыздыққа бейім. Олар өзінің ішкі әлеміне үңіліп, әрқашан сыртқа сыр білдірмей әрекет етеді. Сырт көзге олар қоғамнан алшақ, ештеңеге бейімі жоқ болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, олардың «аз сөйлеп, семіз шығатын» тұстары бар. Өйткені интроверттік типке тән тұлғалар кез келген жәйттің мәнісіне жан жақты үңіліп, оны терең талдағанға бейім келеді. Ақырын жүріп, анық басатын мұндай адамдар ғылым жолында көптеген жаңалықтар ашуға қабілетті келетінін уақыттың өзі талай көрсеткен.
Әйгілі физик, математик, механик және ғылымға үлкен революция алып келген астраном – Исаак Ньютонның өмірі сол сөзімізге мысал. Оның 1687 жылы жарық көрген «Табиғи философияның математикалық бастамалары деген еңбегі ғылым тарихындағы ең ықпалды шығарма болып саналады.
Сонымен қатар, биологияда табиғи сұрыптау теориясын түзіп, үлкен революция жасаған ағылшын натуралисті – Чарлз Дарвин, үнді елінің азаттық жолында күресуіне көп еңбек сіңірген саяси тұлға – Махатма Ганди, ”Салыстырмалы теориясын» жасаушы, бұдан бөлек тарих, ғылымдар философиясы және публистистика саласындағы 300-ден астам еңбектердің иесі, 150-дей кітап пен мақалалардың авторы – Альберт Энштейндер интровертті адамдар тобына жатқызылған. Адамдардың өзін-өзі жетілдіруі, тұлғалық қасиетті қалыптастыратын бірнеше психологиялық кітаптардың авторы Дейл Карнеги де дәл осы интроверттік типке сай мінездің иесі болған.
Жалпы жаңалықтарды жаһанға паш еткен тұлғалардың дені интоверттік типке сай индивид болатынға ұқсайды. Ал сіз қай типке жатасыз? Үнемі қимыл-қозғалыста жүріп, айналаңызға жақын-жуығыңызды жинап алып, көп ортасында жүргенді хош көретін экстровертсіз бе немесе «сен тимесең мен тиме» деп ішкі әлеміңізді құлттап ешкімге сыр алдырмағанды қалайтын интровертсіз бе?

З. ДӘУЛЕТҚЫЗЫ.