ҚОШҚАР АТА ӘУЛИЕГЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ КӨҢІЛ БӨЛІНСЕ ЕКЕН

Ұлағаттылықты ұлықтай білген ұлтымызда «Қазақта ақын да көп, батыр да көп» деген мағынасы мұхиттайын нақыл бар. Осы бір қанатты сөзге біз өз жанымыздан мынадай тіркесті қосқанды жөн көреміз: «Әулие-әмбиеге де кенде емес бұған қоса!». Өйткені, «Түркістанда – Түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, бабтардың бабы Арыстан баб» деген теңіздейін тұрлаулы тұжырым текке айтылмаған. Осындай әулие-әмбиелердің бірі де бірегейі – он ғасырдан бері шырайлы Шымкент шаһарының шамшырақ киесі болып келе жатқан Қошқар ата әулие.

Бұл кісі өз дәуірінде өңіріміздің уәлиі болған. Қара қылды қақ жарған әділдігімен төрт тарапқа мәшһүр болған. Қожа Ахмет Ясауиді өзіне ұстаз тұтқан. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, неше ықылым заман өтсе де есімі елмен бірге жасап келеді. Ол кісіден қалған белгі – көздей болып қасиетті бұлағы халқымыздың кәдесіне жарауда.
Енді осы тұста айтарымыз, бабамыздың бастауы ізгі ілтипатқа бөленсе екен. Бұл орайда бұлақ маңайын ашық аспан астындағы этнографиялық музейге айналдырсақ, ғажап болар еді. Бұл пікірді алға тартуымыздың себебі, жуырда ғана облысымызды аралаған шетелдік әріптестеріміз ата бұлағына ат басын бұрған-ды. Сол сәтте орайы келіп ол кісілерге Қошқар ата тарихын айтып берген едім. Қонақтар тамсана тыңдап, таңдайларын қақты. Елдеріне барғаннан соң Қошқар ата мен оның бұларғы туралы кеңірек жазатындарын да мәлім етті. Бірге суретке де түстік. Ендеше, шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып отырған киелі орынға көрегенділікпен көңіл бөлгеніміз абзал-дүр!
Тағы бір айта кетер мәселе, келер жылдардан бастап ата бұлағының солтүстік беткейі сүріліп, құрылыс орнына айналатын көрінеді. Осы орайда айтарымыз, сол солтүстік тұсқа «Қошқар ата» атты емдеу орны салынар болса, анағұрлым пайдалы болар еді. Осы бір ойымызға сіздер не айтасыздар?

Бекен ЕЛУБАЙҰЛЫ,
журналист.
Шымкент қаласы.