Түркістан жерінде тағы бір тың дерек

Түркістаннан біршама қашықта, дәлірегі, 7 шақырым ұзақта «Шойтөбе» деген жер бар. Көне қалашық болған бұл орынның ежелгі атауы Шауғар болған. 1994 жылдан бері мемлекет қарауына алынған бұл қалашықта өткен күннен сыр шертер іздер жатыр. 1974 жылдан бергі бірнеше рет жүргізіліп келе жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі соған негіз болады.

Жуырда археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістандағы аталған көне қалашықта X-XI ғасырдағы моншаның орны табылды.
Бұл көзайым жаңалықты Қазақстандағы Ә. Марғұлан атындағы Археология институты қызметкерлерінің мәлімдемесіне сілтеме жасап ҚазАқпарат таратады.
Қазіргі таңда Шойтөбедегі бұл моншаның бір бөлігі ғана ашылған. Қазба жұмыстары кезінде археологтар мынадай деректерге көз жеткізген. Көне нысан үш-төрт бөлмеден тұрады екен. Және әр бөлмеде жуынуға арналған жайдың болуы қарастырылған. Ал соңғы бөлмеден шайынды суды сыртқа шығаратын екі кәріз құбыры жүргізілген. Бұдан бөлек, ол жерден тиындар мен киім түймелері табылған. Олар мұражайға тапсырылған.
Осы және өзге де деректерді алға тартқан Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Ерболат Смағұлов «Шойтөбе» көне қалашығындағы бұл монша туралы өзге де ақпараттарды былай деп тарқатады.
– Қазба жұмыстары кезінде диаметрі 20-25 сантиметр, ұзындығы 50 см болатын 15 құбыр қазылып алынып, олар сараптама орталығына жіберілді. Нәтижесінде сол кезеңдегі судың құрамында қандай да бір минералдың болғаны анықталды. Себебі, құбыр ішінен минералды заттың ізі қалған.
Мамандар мұндай құбырлар бұған дейін Сығанақ пен Отырар қалашықтарынан қазып алынғанын алға тартуда.