ФРАНЦИЯ ҒАЛЫМДАРЫ ОТЫРАР ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ
Түркістан облысының Отырар ауданында Франция еліне белгілі профессорлар мен тарих ғалымдары келіп, күллі мұсылман тәу ететін Арыстанбаб кесенесіне барып зиярат етті. Қонақтарды кесене алдында күтіп алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырар мен Арыстанбаб тарихына және аңыздарға тоқталып, ғалымдарды қызықтырған барлық сауалдарына жауап берді. Меймандар топырағын түртсең тарих сөйлейтін киелі Отырар жерінің өткен ғасырдағы өмірі мен құнды деректерімен терең танысып қатты қызығушылық білдірді.
Ботаника ғылымдарының профессоры Француа Лэнобла мен Орта Азияға белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Светлана Горшенина және тарихшы Моника Малгожата өздерін елең еткізген кей деректерді түртіп, жазып алып жатты. Ғалымдармен бірге келген елімізге белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру және Ресей жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі Саттар Мәжитов да қазақ елінің мәдени-тарихи өмірі мен ежелгі Отырар жұртының тұрмысы жайында қызықты ақпараттарды айтып отырды.
Мұнан соң меймандар Отырартөбе қалашығына барып, кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттығы дамыған қалалардың бірі болған, бүгінде монғол шапқылығы салдарынан жер астына көміліп, төбеге айналған ежелгі Отырар қаласының бай мұрасымен танысты. Шет елдерден келетін туристердің қызығушылығын арттырған Отырартөбенің архитектуралық пішіні мен орналасу жағдайы, ондағы әлі зерттеліп бітпеген мәдени ошақтар Франциядан келген ғалымдарды да қызықтырып, көмілген тарих тіл қатқандай әсермен төбенің әр қырын аралап көрді.
Жалпы Франция елі өзінің туризм саласы қалыптасқан, Батыс Еуропадағы ірі мемлекеттердің бірі. Жыл сайын 80 миллионнан астам туристерді қабылдай алатын алпауыт елден аларымыз көп. Туризм кластерін дамытуды қолға алып, осы бағыттағы қарқынды істерді қолға алып жатқан өлкеміз үшін Франция ғалымдарымен қарым-қатынасты арттырудың маңызы зор. Өйткені тарихты деректі зерттеу шығармаларымен сөйлеткен ғалымдардың артынан әлі талай туристердің ағылары сөзсіз.