МАҚТААРАЛДА АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ 23 ЖЫЛДЫҒЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАЛЫП ӨТТІ
Бүгін Мақтаарал ауданында Ата заңымыздың бүкілхалықтық референдумда қолдап-қуаттап қабылданғанына 23 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Аудан орталығы Мырзакент кентінің «Ақ алтын» мәдениет үйіне ағылған халық әнұранымызды шырқап, еліміздің ең басты мемлекеттік құжатына құрмет көрсетті.
Жиынды ашып берген аудан әкімі Бақыт Асанов еліміздің бүгінгі жетістігі Ата заңымызбен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Конституциядағы біздің мемлекетіміз үшін ең қымбат қазына – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деген ережесі бұлжымас орынға ие. Ата заң мерекесі аясында және білім күніне орай ауданымызда жаңадан салынған 4 мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 1 мектеп халық игілігіне берілетін болады. Сондай-ақ, 2 мектеп, 2 емхана бой көтеруде. Қазірдің өзінде аудандағы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенде газ тарту құрылысының жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі күн көрісі ауылшаруашылығы болып табылатын ауданда 40 мың гектар жердің құнарлығын арттыру үшін ПУИД-2 жобасы арқылы тік дренаждарды ұңғымалардың құрылысы мен коллекторларды тазалау жұмыстары да қарқын алған. Шаруаларымыз бақша өнімдерін егіп, өнімін елімізге, шетелдерге шығарып сатуда. Енді таяу күндері мақта жинау науқаны да басталады. Әрине, ел ішіндегі ұлы құндылықтарды ұлықтаған ұлы құжаттың елге ырыс, жақсы тұрмыс әкеліп отырғаны айқын. Еліміз қол жеткізген барлық жетістік пен жеңісіміз осы Конституцияның арқасы деп білеміз» — деді Бақыт Нәсірханұлы.
Жиын барысында өңір басшысы ел игілігі үшін белсенді қызмет етіп жүрген азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлерді арнайы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың және өзінің алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, 6 ауылдық округтің әкімдеріне қызметтік автокөліктің кілтін табыстады.
Салтанатты іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, мақталы өлкенің жезтаңдай әншілері патриоттық әндер шырқап, бишілері өнерлерін ортаға салды.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі