СЕМИНАР ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРАДЫ
Шымкентте халықтың цифрлық сауаттылығын арттыратын арнайы курстар жұмыс істеуде. Семинар-курс Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынуда.
Курстар Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты 30-дан астам мектептерде алдын ала бекітілген кесте негізінде маусым-тамыз айлары аралығында жүргізілетін болады. Шараның мақсаты мегаполис тұрғындарының уақытты үнемдеумен қатар, шығынды бірнеше есеге азайту арқылы ыңғайлы өмір сүру мүмкіндігін туғызатын сандық жүйені кең ауқымда пайдалануды көздейді. Соның негізінде адамдар «Базалық», «Электронды үкімет», «Ашық үкімет» және «Е-коммерция» бойынша оқыту семинар курстарын толықтай меңгеретін болады. Толық ақпаратты Шымкент қаласы әкімдігінің shymkent.gov.kz сайтында көрсетілген «Цифрлы Қазақстан» айдарына батырманы басу арқылы таныса аласыз.
Сөз соңында цифрлық сауаттылығын арттыратын арнайы курстардың бір дәрісі үш сағатты қамтитынын айта кетейік.
С. НҰРАЙ.