ТОПЫРАҚ КӨШЕНІ ТАППАЙТЫН БОЛАСЫЗ
Енді Шымкентте топырақ көше атымен болмайды. Осы мақсатта қазіргі таңда қала аумағындағы барлық топырақ көшелер анықталып, оларға қиыршық тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қалалық әкімдіктің осы салаға қатысты құрылымдық бөлімінің мәліметінше шаңы көтерілген көшелерге шағал тас төсеу ісімен шұғылданып жүрген мердігер мекемелер өздеріне берілген жұмыс көлемін алдағы шілде айының аяғына дейін толық аяқтайтын болады. Алдын ала бекітілген жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жалпы алаңы 1 миллион шаршы метрді құрайтын топырақ жол тас төселген аумаққа айналады.
Бұған дейін жүріп өту қолайсыз саналатын мұндай көшелерден әуре-сарсаңға түскен тұрғындар қала әкіміне бірнеше рет жол салып беру туралы шағымдар айтқан. Соған орай Шымкенттің әкімі Нұрлан Сауранбаев 2019 жылдан бастап шаһарда топырақ жолдар мүлдем болмайды деген мәлімдеме жасаған еді. Соның негізінде ол тиісті мамандарға қаламыздағы жалпы ұзындығы 334 шақырымды құрайтын жолға тас төсеу жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырған болатын.