ЖӨНДЕЛГЕН ЖОЛДАР КӨЛІК АҒЫНЫН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ
Отыздыққа нық қадам басып келе жатқан Қазақстанның барлық өңірінде жол жағдайы жақсара түсуі тиіс. Бұл туралы Елбасы өзінің кезекті Жолдауында «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін атожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек…. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек» делінген. Осыған байланысты еліміздің көптеген аумақтарында кең ауқымды жол құрылыс жұмыстары қолға алынуда.
Ал Шымкент қаласында бұл мақсаттағы жұмыстар үшін қазынадан 700 млн.нан аса қаржы қаралған болатын. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жолдарды орташа жөндеуден жүргізетін мекемелер мемлекеттік сатып алудың электрондық байқауы негізінде белгілі болатынын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, онда қаралған қаржыға сәйкес шаһардағы 50 көшенің асфальт қабатын қалпына келтіру жол жабындыларын түзету, бұзылған жол төсемдерін және басқа да құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылатыны айтылған.
Соның негізінде ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап Шымкенттегі Сайрам көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Осыған орай Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Сайрам көшесінің Тәуке хан даңғылынан Ш. Уәлиханов көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатындығы хабарлап отыр.
Естеріңізге сала кетсек қаладағы көлік ағынын қамтамасыз етудегі маңыздылығы жоғары бұл көшені жөндеу туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан болатын. Тұрғындар қырық жамау көшеде жүріп өту жаяу жүргіншілерге де, көлік тізгіндегендерге де ыңғайсыздық тудыратыны туралы мәселені жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірнеше рет көтерген еді. Жыл басында қалалық әкімдіктің осы салаға қатысты құрылымдық бөлімі бұл проблемаға нүкте қою осы жылдың жұмыс жоспарына енгізілгенін, құрылыс биыл басталатынын атап өткен болатын.