«МАНКЕНТТІҢ» КЕЛЕШЕГІНЕ БАЛТА ШАБУ КІМГЕ КЕРЕК БОЛЫП ТҰР?

Бүгінде жиырма жылдан астам уақыт бойына халық денсаулығының оңалуы жолында сүбелі үлес қосып келе жатқан Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы «Манкент Шипажайы» акционерлік қоғамы мекемесінің барлық қызметкерлері сауықтыру орнының келешегіне алаңдап, мазасыз күй кешуде.
Ынтымағы ұйыған ұжымның тынышын алған жәйт не? «Манкентте» мың сан халықтың алғысына бөленіп, нәпақа тауып жүрген қызметкерлер мен акционерлердің көңіл күйлерінің таспен бастырылғандай көтерілмеуін тудырған мәселе – ол Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы, бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымның тікелей бұйрығымен 27-шілдеде «Манкент Шипажайы» акционерлерінің кезектен тыс жылдық жиналысын өткізу және онда қаралатын күн тәртібіндегі ең негізгі мәселенің бірі ретінде шипажайдың қазіргі бас директоры Хамракул Қорғановтың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы пәрмені еді. Өз кезегінде шипажай басшылығы төраға Бақытжан Әбдірайымның тыңнан түрен салған бұл тірлігі Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы ұйымының жылжымалы мүлкін меншіктеу бағытындағы ашық майданы деп болжайды. Бұл туралы ойын шипажай акциясының 2,7 пайызына иелік ететін акционер Ш.М. Челидзе былай деп түсіндіріп береді.
– Ағымдағы жылы ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Директорлар Кеңесінің жиналысы өтеді. Соның негізінде Директорлар кеңесінің төрағасы Х. Мусиннен бізге «Манкент Шипажайы» акционерлерінің кезектен тыс жылдық жиналысы өткізілетіні туралы хабарлама келеді. Бұл хабарлама еліміздің «Акционерлік қоғамдар туралы» Заң талаптарына мүлдем қайшы келеді. Кезектен тыс жиналыс өткізу туралы бастаманы бұлай көтеру заңға сәйкес емес. Еліміздің «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңының 38-бабы, 1-тармағында «Акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру туралы ірі акционердің талабы қоғамның атқарушы органының орналасқан жері бойынша тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы директорлар кеңесіне қойылады, онда мұндай жиналыстың күн тәртібі болуға тиіс» деп көрсетіледі. Ал не мөрі, не шығыс нөмірі жоқ тек ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Б. Әбдірайымның ғана қолы қойылған бұл хаттың шипажайға жолдануы заңға сәйкес келмейді. Оны құжат түріндегі хат деуге де болмайды. Ең басты мәселе Б. Әбдірайым осы хатта көрсетілген мәселелер бойынша шығарылған шешімдерді тұжырымдау туралы тапсырма береді. Төраға Б. Әбдірайымның акционерлерге жиналысқа дейін бұлайша тапсырма беруге құқы жоқ. Шешімдерге тұжырым жасау тек жиналыс барысында жүзеге асатын дүние. Ол өз хатында шипажайдың 39 процентіне ие акционерлерге тапсырма беріп өз өкілеттілігін асыра пайдаланып отыр.
Шипажайдың кезектен тыс жылдық жиналысы кезінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының өкілі ретінде Түркістан облыстық кәсіподақтар басқармасының басшысы Берік Бекжанов болып сайланады. Бірақ ол Кәсіподақтар Федерациясының ұстанымын сақтап, өз ойын ортаға салмас бұрын шипажай акционерлерінің әрбір сұрағы бойынша нақты ойын жеткізу үшін жиналыс барысында саңлау тауып, сыртқа шығып, телефонмен тілдесіп үлгерген. Оның бұл қылығын акционерлер осы мәселенің артында тұрғандармен «кеңесуі» екенін анық байқаған. Сондай бір кезекті «кеңесулерден» кейін ол жиналысқа қатысушылардың назарына осы жиынның төрағасы ретінде Ш. Челидзенің, ал оның хатшысы ретінде Л. Қорғанованың таңдалынып алынуына келіспейтінін, сондықтан да жиынды қайта өткізуді талап еткен. Оның ойынша жиын төрағасы Ш. Челидзе емес ірі акционердің өкілі, яғни өзі болуы керектігін қадап айтқан. Бірақ ол оған мұндай талап қоюға заң рұқсат бермегенін қаперіне де алмаған.
Ал Б. Бекжанов болса жиналыстан асығып кетіп қалуының себебін жиналыста күн тәртібіндегі мәселелерді қарауда «бір акционер – бір дауыс» қағидасының болуына келіспегіндігімен түсіндіреді. Және ол бұл жиынның бастамашысы болған ҚР Кәсіподақтар Федерациясының әрекеті заң талаптарына сай өтіп жатыр деген тұжырымға табан тіреуде.
Акционерлер жиналысының барысы ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Директорлар Кеңесінің көңіліндегідей іске аспаған соң Б. Бекжанов жиыннан кетіп қалды. Осылайша Б. Әбдірайымның «сценарийімен» өтуі керек жиын жүзеге аспаған.
Өз кезегінде шипажай акционерлері бұл жиынның шипажай Жарғысының негізінде өтуін талап етуде. Бұл туралы Ш. Челидзе:
– ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Директорлар Кеңесі «Манкент Шипажай» АҚ-ның кезектен тыс жылдық жиналысын өткізу кезінде акционерлерге шипажай Жарғысының жаңа редакциясын бекітуді ұсынады. Біз оған толықтай қарсымыз. Қазіргі Жарғы біздің көңілімізден шығады. Мекеменің ең алғашқы жарғысы 1994 жылы жасалынып бекітілген. Сосын Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін 1998 жылы қайта бекітілген. 2003 жылы «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР жаңа заңының негізінде жаңа редакцияда жасалып қабылданған. 2013 жылы қайта бекітілген. Жарғының әрбір жаңа редакциясы «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР заңының негізінде әзірленген. 24 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Жарғының ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «талғамына» тура келмей жатқаны көңілге күдік ұялатады. Бұдан бөлек осы жиында «Манкент Шипажайы» АҚ-ның бас директоры Хамракул Азатұлының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қойылған. Мұндай шешімге баруға ешқандай негіз жоқ.
Осының барлығын ұжым атынан алға тартқан Ш. Челидзе ҚР Кәсіподақтар Федерациясы осындай жолмен шипажай қызметкерлеріне мүлдем таныс емес, бізге беймәлім, ал федерацияға жақсы таныс коллегиалдық басқарманы, өздерінің ішкі аудитын құруға құмбылдық танытуына сауықтыру орнының соңғы жылдардағы ағыл-тегіл бюджеті себеп болып отырғандығымен тығыз байланыстырады.
– Федерацияның бұл шипажайға көңілінің ауып тұрғаны жәй әншейін сәйкестік емес. Осыдан екі жыл бұрын санаторияның кірісі миллиардқа жеткен. Әу баста шипажайдың барлық қоры 19 млн. теңгені құраған. Ал қазіргі таңда негізгі қор 2 млрд. теңгеден асады. Мұны нарық бағасына салсаңыз көрсетілген қаржы көлемі біраз жерге шарықтай түсетіні әмбеге аян.
Шипажайдың осындай көл-көсір пайдаға қол жеткізуіне ҚР Кәсіподақтар Федерациясы осы күнге дейін материалдық, моральдық тұрғыдан да ешқандай жәрдем берген емес. Оның барлығын өзіміз істедік. Бақытжан Әбдірайым төрағалық қызметке өткен жылдың қарашасында бекітілді. Ендігі кезекте ол шипажайға келіп, мұндағы тыныс-тіршілікпен жақын танысып, оның өткені мен бүгіні, толғандырып жатқан мәселесі, алдағы жоспары туралы жәйттерге бойламас бұрын ең бірінші кезекте шипажайдың есеп-қисап құжатын талап еткен. Ал онда мекеменің қаржылық жағдайының барлығы бүге-шүгесіне дейін жазылған. Сол жерден Б. Әбдірайым «Манкент шипажай» АҚ-ның бас директоры Хамракул Қорғановтың сауықтыру орнының алдағы жылдардағы дамуы үшін депозитке ақша жинап жатқанынан хабардар болған.
Ш. Челидзе қазіргі таңда ҚР Кәсіподақтар Федерациясы мен шипажай акционерлері арасындағы айқастың басталуына осы жағдайлардың көп қатысы бар екенін осылайша тұспалдап жеткізеді.
Дәл қазіргі таңда «Манкент шипажайы» АҚ-ның 61 пайыз бақылау пакеті ҚР Кәсіподақтар Федерациясына тиесілі. Ал Челидзеге санаторияның 2,7 пайызы акциясы тиесілі болса, қалғаны оның бас директоры Х. Қорғанов пен Л. Қорғанованың меншігінде.
Біраз жылдан бері осы сауықтыру орнына бас директор болып келе жатқан Х. Қорғанов бұл жердегі қызметін қарапайым дәрігер болудан бастаған. Содан бергі жылдары ол санаторияның ыстығы мен суығын бастан өткеріп, оның дамуы жолында қол астындағы қызметкерлермен бірігіп, бірлесіп абыройлы еңбек еткен. Қаншама сын сағаттар болсын ол ұжымындағы ынтымақтың ыдырамауына баса көңіл аударған. Бірлікті ту етуді тұғыр еткен. Осы бір дұрыс бағдарының арқасында ол шипажайдағы 100 гектар жердің сақталып, ол жерде абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының жүруіне қол жеткізген. Көп жерге таныла қоймаған шипажайдың деңгейін барынша көтеріп, оны жұрттың алыстан арып-ашып іздеп келіп, бірнеше күн тынығып кететін сүйікті сауықтыру орнына айналдырған. Сондықтан да ондағы қызметкерлер «Манкенттің» мерейін арттырған осындай азаматтың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселенің кімге қажет болғаны туралы сұрақ ондағы қызметкерлердің еңселерін езген ауыр ойға айналып отыр. Ондағы көптеген қызметкерлер мекемедегі атмосфералық ауанның жоғары деңгейде екенін көре тұра, осындай қажетсіз өзгерісті місе тұтуды мақсат ету кімге керек болғанына түсінбестік білдіруде. Тіпті табан астынан ҚР «Акционерлік қоғамдар туралы» Заң талаптарына толық сәйкес келетін Жарғының кейбір бөліктеріне өзгеріс енгізу дәл қазір кімнің оң жамбасына сай келіп тұрғанына да мардымды жауап ала алмауда.
Сөзіміздің басында ҚР Кәсіподақтар Федерациясына өткен жылдың қараша айында төраға болып бекітілген Бақытжан Әбдірайымның ұйымның жылжымалы мүлкін меншіктеу бойынша ашық майдан жүргізіп жатқанын атап өттік. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес.
Осы жылдың маусым айында «Көкшетау Азия» ақпараттық агенттігіне Қостанай облысы Кәсіподақтар өкілдерінің атынан хат келіп түскен. Онда олар ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Б. Әбдірайымның тапсырмасымен кәсіподақтардың барлық мүлкіне тексеру жүргізіліп, олардың басшылары орнынан босатылып жатқанын ашына жеткізген. Онда олар аталған облыстағы «Сосновый бор» шипажайының төңірегінде туындаған даулар, осы күнге дейін ҚР Кәсіподақтар Федерациясының мүлкі болып келген «Қостанай турист» ЖШС-нің жойылып, оған жаңа қожайындардың пайда болып жатқанын сол сөздеріне мысал ретінде келтірген. Сонымен қатар, осы хатта Қостанай облысы кәсіподақтарының ғимараты кәсіподақ мүшелеріне ешқандай жайлылық тудырып жатпағанын, барлық кабинеттер жалға беріліп жатқанын да ашына жеткізген. Қорыта келгенде олар ҚР Кәсіподақтар Федерациясы ұйымына қарасты барлық жылжымайтын мүліктердің осындай «теперіштерді» бастан өткеруін алдын ала келісіп пішілген қандай да бір кеңестің қитұрқы әрекетіне теңеп отыр. Тіпті нысандарды дәл бұлай рейдерлік жолмен «таптау» төраға болып тағайындалғанына әлі жыл толмаған Бақытжан Әбдірайымның сызып қойған айла-тәсілі дегенді астарлап жеткізуде.
Сөз соңында айтарым, осы мәселе бойынша ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Манкенттің» баянды болашағына балта шабатын қандай да бір үстірт шешім шығарудан тайынбайтыны анық байқалатын сияқты. Ал облыстық кәсіподақтар басқармасының басшысы Б. Бекжановтың «Манкентте» бүгінге дейін оң өзгерістердің болуына күн-түнмен санаспай еңбек еткен Хамракул Қорғановтың кандидатурасын ұжымның толық қолдайтынын біліп тұрса да, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының ығына көніп жатқаны да сол ойымызды айшықтай түсуде. Ендеше, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы «Манкент Шипажай» АҚ-ның келешегіне кедергі болатын әрекеттерге бой алдырып, ел-жұрттың ашу ызасын тудырмас үшін аталмыш мәселені ҚР Үкіметін басқарып отырған Бақытжан Сағынтаев мырзаның назарына жеткізгенді жөн деп санап отырмыз. Үкімет бұл проблеманы үтір-нүктесіне дейін зерттеп, зерделеп, әділдіктің салтанат құруына үлес қосады деген сенімдеміз.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.