«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ОБЛЫСТЫҚ ӘН БАЙҚАУЫНЫҢ АҚТЫҚ КЕЗЕҢІНЕ 21 ӨНЕРПАЗ ІРІКТЕЛДІ.
Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдығына арналған Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының іріктеу кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты- композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
Байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер Ш.Қалдаяқовтың, екінші кезеңде Түркістан облысы композиторларының әндерін шырқады.
Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасының аудан, қалада өткен бірінші кезеңіне 200-ге жуық үміткер өтініш білдіріп, оның ішінен 56 үміткер облыстық байқауға жолдама алған болатын. Өнер бәйгесіне 15 — 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты.
Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар.Байқаудың биылғы жетістігі ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Тыңда мені, достарым» сынды әндер бар.
1992 жылдан бері дәстүрге айналған бұл байқаудан елімізге танымал Шакизада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұрлыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжазира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, Нұржан Жүсіпбеков, Мәдіхан Дүйсеев, Ахынбеков Руслан, «Сарын» тобы сынды өнер иелері қанат қаққан.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген аса көректі сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқов — ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген тұлға. Елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілік композитор шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері халықтың жаттанды өмір жырына айналған.
Ұлы тұлғаның бірегей өнер жолын дәріптеуге арналған байқауға қатысқан 21 өнерпаздар ақтық кезеңге жолдама алды.
«Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының қорытынды додасы ағымдағы жылдың 15 тамызы күні Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда, жеңімпаздарды марапаттау және гала-концерт кешкі сағат 19:00-де «Түркістан» сарайында өтеді.