Төле биді білгенде, Елібайды неге білмейміз?
Зерттеу тұрғысындағы мақалаларымның бәрінде айтып жүрмін, қазақ тарихының, оның ішінде Оңтүстік өлкесі тарихының, сондай-ақ сол тарихты жасаушы айтулы тұлғалардың бейнелері толық ашылмай келеді деп. Әлбетте, мұндай олқылықтарға себеп көп. Себептерді талдай берсек, сөз ұзарады. Сондықтан сөз басын қысқа қайырып, айтпағымызға көшсек, бүгінде ел аузындағы қара әңгімеге арқау болып жүргенімен, шынайы бейнесі зерттеу нысанынан тыс қалған Елібай Әлібекұлы туралы жазбамызға бірден кіріселік.
Әдетте біз жазатын батырларымыздың ғұмырбаяндарын айтпай тұрып, қазақы дәстүрмен олардың шығу тегіне бір шолу жасап алатынымыз бар. Соған сайсақ, Елібайдың түп-тірегі – ұлы жүздің Дулатына жататын Жаныс руынан тарайды. Ауызша айтылатын шежіре дәйектерінше, Жаныстан – Жанту, Жантан, Жарылқамыс. Жантудан – Өтеміс, Байыс, Жайылмыс. Жайылмыстан – Қыбырай, Жанбай, Қожамберді. Осы Қожамбердіден – Құдайберді. Құдайбердінің төрт әйелі болыпты дейді көне әңгіме. Үлкен бәйбішеден Түгелбай, Данай, екінші әйелден Ақтай, Бақыбек, үшінші әйелден Құдайменде, Тоқпан, төртінші әйелден Қарашәуке, Әжібек, Әлібек. Әлібектің бірінші әйелінен Ақбота, Абыл, Шора, екінші әйелінен Өтебай, Төле, Елібай. Мұндағы Төле – үш жүзге аты мәлім айтулы Төле би. Қазақ тарихында осы Төле би жайында көп айтылып, көп жазылғанымен, оның туыстас аға-бауырлары туралы зерттеулер мен жазбалар тым аз. Тіпті, жоқ десе де болады. Бұл енді – өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың белгілілеріне ғана қатты назар аударып, солардың соңынан қуалап, бір ізден шықпай зерттеу жүргізетін, сондай-ақ атақты билер мен батырлардың артында кімдер тіреу болғанына зер сала бермейтін біздің кінәміз. Одан соң зерттеу нысанына айналдырған әлдебір тұлғамыздың өмір сүрген кезеңіндегі уақиғалардың басы-қасында нақты кімдердің болғанына назар аудармайтынымыз да біздің мойнымыздағы үлкен күнә. Әйтпесе, осы күнге дейін Төле бидың қасында әрі ақылшы, әрі оған жан-жақтан тіреу болған, тіпті, сол қиын кезеңдерді күллі қазақтың жанашырына айналған ағасы Өтебай абыз бен інісі Елібай туралы толықтай білген болар едік.
Тағы бір ескертер жәйт – аттары баспасөз немесе кітап арқылы белгілі болған батырлардан басқа, атақ-даңқтары уақыт шаңына көміліп, кейбір көзіқарақты қариялардың болмаса, жалпы көпшіліктің жадынан ұмытыла бастаған өзге де қазақтың қаһармандары жайында айта бастасаң, базбіреулер «бұ қазақта батырлар мен билер, елге пана көсемдер неге көбейіп кетті?» деп күмән айта бастайды. Таласу үшін емес, түсінікті болу үшін айтайық, қай заманда да батырлар мен билер, ел қамын күйттеген көсемдер басқыншы жұрттан гөрі, сыртқы дұшпанның қасіретін көп тартқан, яғни шапқыншы жаудан қорғанып тайталасқа түскен, халқы мен жерін қорғаған ел ішінен көп шыққан. Санасы жоғары білімпаздарға аян, ал өресі тар, пайымы кем пенделердің өзінің түсінігіне сіңер мысал үшін айтсақ, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде миллиондаған неміс әскерінің ішінен шыққан қаһармандар некен-саяқ, керісінше, басқыншы фащистерге қарсы күрескен совет әскерінің арасынан неше мыңдаған батырлар шыққаны белгілі ғой. Ендеше, бес жылғы соғыста совет әскерінен тарихта аттары қалған сонша батыр шыққанда, екі ғасырға жуық шапқыншы қалмақпен алысқан қазақта батыр-көсемдер неге аз болуы керек?! Шынтуайтында, өз алдына ел болғалы еш болмаса жиырма жыл уақытты бейбіт өткізбеген, бір ғана қалмақ емес, нешеме басқыншы жұртпен алысып өткен қазақтың әр ғасырлық кезеңінде халқының намысы үшін атой салған батырлары аз болмаған. Бексұлтанша (Нұржекеев) айтсақ, «ол замандарда жаудан қорқып бұқпаған әр ауылдан кемінде үш-төрт батыр шыққан».
Бір өкінерлігі, қазақ тарихында базбіреулер үшін қазаққа қалмақтан басқа жау болмаған сынды. Оған себеп – қазақ әдебиеті мен тарихында қазақ-қалмақ соғысы көп дәріптелді және де ол шапқын екі ғасырға жуық ұласқандықтан жұрт санасына өшпестей сіңді. Бұлар аз болғандай, көпшілік ұғымына қатты ықпал ететін қазақ тарихына қатысты шығарылған кинолардың басым көпшілігі аталмыш соғыс төңірегінде түсірілді. Ал ақиқат тарихта қазаққа Ойраттан басқа да жау аз болмаған. Алаш баласы XVIII-XIX ғасырлардағы осал тартқан ел билеушілерінің кесірінен тек орыс патшасының алдында ғана тізе бүгіпті, ал басқаларға еш дес бермеген. Солай десек те, біз атаған қазақ-қалмақ соғысының өзі – сонша зерттеліп жазылғанына, терең дәріптелгеніне және де оның тарихы бүкіл Алаштың түсінігіне жақсы сіңгеніне қарамастан, кейбір тұстарының шынайылығы әлі ашылмай келе жатыр. Мәселен, Қазақ Ордасының он жетінші ғасырдың ортасы мен аяққы кезеңіндегі (1650-1699 жылдар аралығы) және он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегіндегі (1700-1724 жылдардағы) қалмақпен соғысы әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Сол тұстағы жалпы тарих толық зерттелмеген соң, әлбетте, сонда жасаған тарихи тұлғалардың да бейнесі ашылмағаны анық.
Жоғарыда айттық, біз Төле би туралы көп жаздық та, оның аға-інілері жайында ешқандай зерттеу жүргізбедік деп. Төле бидің бір жатырдан қанша ағайындары болғанын да жоғарыда жаздық. Тіпті кезінде оның ағасы Өтебай жайында толық болмаса да, біраз мақалалар жазған болатынбыз. Ал енді оның інісі Елібай хақында ел аузында қалған естелік әңгімелер мен тәмсілдер мол болғанына қарамастан, әлі күнге дейін ол туралы арнайы бір мақала жарияланбапты. Ал бүгінгі мақаламыз сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылмақшы.
Алдымен негізгі кейіпкеріміз – Елібайдың қай жылы туғандығын анықтап алуға әрекет жасалық. Зерттеушілердің көп жылғы еңбектенуінің арқасында Төле би 1663 жылы туып, 1756 жылы қайтыс болған деген дерек нақтыланған. Мұны айтып отырғанымыздың себебі – осы дата арқылы біз Өтебай мен Елібайдың да туып-өлген жылдарын анықтауға мүмкіндік аламыз. Өйткені көнекөз қариялардың айтуы бойынша, Өтебай Төледен үш жас үлкен, ал Елібай Төледен бес жас кіші. Одан соң Төле мен Елібайдың арасында екі қыз болыпты. Сонда Өтебай 1660 жылы, ал Елібай 1668 жылы туған боп шығады.
Ел арасындағы ауызекі әңгімелер мен там-тұмданған тарихи деректерге ден қойсақ, Елібайдың да қазақ тарихынан, оның ішінде Оңтүстік тарихынан өзіндік алар орны бар. Өйткені күллі қазаққа төбе би, әрі қажет кезде қолбасшы болған Төле тәрізді айтулы тұлғаның інісі де кезінде өз қоғамында белгілі бір қызмет атқарып, ел аузына іліккені кәдік. Расы солай. Өтебайды жұрт байлығына және соғыс кезінде сарбаздарға қажетті жылқылар мен мал-мүліктерді сақтағанына байланысты «қазыналы Өтебай» атаса, Елібайды жаушы-дархаттардың жетекшісі болуына орай «Көзді Елібай» деп атапты. «Көзді» деген сөздің мәнісі былай: Әлібек балаларының жігіттік шақтарымен қатар кейінгі жастары ұлғайған кісілік кездері де бейбіт, шуақты кезеңдер болған емес. Ылғи жан-жақтан жау анталаған алағайып, бір сәт те елге тыным жоқ аласапыран уақыт-тұғын. Сырттан соққан дұшпанмен аңдысумен, шабысумен өткен кезең-тұғын. Әлбетте, онда қазақ бүйірден соққан, арттан тықсырған жаудан үнемі беталды қаша берген жоқ. Тұтқиылдан тиген дұшпанмен әлдері келгенше алысып баққан, шегіне жүріп, олардың осал тұсын табуға тырысқан һәм реті келсе, тойтарыс беріп отырған. Ал жаудан алыстап, ес жиып алған соң арттағы дұшпанның аңысын аңдып, олардың әрекеттеріне орай қимыл жасауға ұмтылған. Ал мұндай кезде алыстағы жаудың қам-харакетін біліп отыру үшін тісқаққан аңдушы, тәжірибелі тыңшы-шабарман аса қажет. Елібай осындай қауіпті қызметтің басында жүрген, әрі осындай іспен шұғылданатын жігітерді басқарған.
Мұнай қызметті қазіргі біздің тілмен «барлау қызметі» немесе «барлаушы» дейді. Ал барлаушылық барлық замандардағы өткен соғыстардың бәрінде болған. Бір айтарымыз, қазақ тарихын зерттейтін ғалымдар мен жазушылардың ескілікті қазақтардың осындай қызметіне әлі күнге дейін көңіл бөлмей жүргендері өте өкінішті. Тіпті қазақтардың қалмаққа болсын, қытайға болсын, әйтеуір қандайда бір жаулардың арасына жіберген тыңшыларының қызметін көрсеткен, болмаса баяндаған бірде-бір тарихи көркем әдебиет те жоқ. Ал сол заманғы барлаушылар мен тыңшыларды басқарған Елібай сияқты кісілер жайында арнайы шығармалар түгілі, ең ақыры, екі-үш беттік мақала да жазылмапты.
Біз Төле бидің ел басқарғандығын, көркем тілді шешендігін, қолбасшылық қабілетін жалпылай айтып өтеміз де, оның соғыс тәсілін қалай жүргізгенін, жауға қарсы шайқасты қай уақытта бастағанын, қай мезгілде жеңіске жетуге болатынын болжаған әрекеттерін еш жазбаймыз немесе оған ешқандай назар да аудармаймыз. Ақиқатын айтсақ, мен деген зерттеуші мен жазушының өзінің мұндай нәрсеге көңіл аударуға кейде шамасы да келмейді. Бәлкім олардың тарихта болуы ықтимал, әрі болуға тиіс құбылыстарды зерттеуге өрелері жетпегендігінен осындай олқылықтар орын алып жатқан да болар.
Өзбекстанда 1926 жылы 28 жасында оқыс өлімге тап болған Асат Сапиев деген тарихшы болған. Оны қазіргілердің көбісі білмейді. Себебі оның жазғандарының бәрі кезінде өртелген немесе жойылуға бұйырылған. Былайша айтқанда, аты өшкен тарихшы. Бірақ әруақ қолдаған тарихшы екен, Ташкент және Ходжент аймағындағы қазақтардың тарихы туралы жазылған «Ходжент уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабының екі нұсқасы аман қалыпты. Ол кітаптың қалыңдығы 160 бет, 1925 жылы Ташкенттен 500 данамен шыққан. Көрші елдің бір кездегі саясатына байланысты кітап шыққан заматта тәркілеуге ұшыраған. Осы кітапта аталмыш аймақтарда XVIII-XIX ғасырларда жасаған қазақ-тәжіктердің бастарынан өткен тарихы баяндалады. А. Сапиев әсіресе, қалмақтардың Ташкентті қазақтардан үш рет тартып алғаны жайында баса жазады. Оған сенсек, жоңғарлар Ташкентті алғаш рет 1729 жылы бір жаулаған. Бірақ қалада тұрақтамай, қайтып кеткен. Одан соңғы шабуылы 1735 жылы болған. Онда да қалада тұрақтамай, кейін қайтқан. Ал 1939 жылы қаланы жаулап, бес жыл бойы сонда отырған. Бұл кезде Алатау, Қаратау атырабынан қалмақтан ығысып барған Төле бастаған ұлы жүз қолдары қазіргі Ходжент қаласының солтүстік бетіндегі жазықта шоғырланған екен.
Осы жерде біраз тұрақтап, ұлы жүз және орта жүз руларынан қол жинақтаған Төле би қалайда Ташкентті қайтарып алмаққа кіріседі. Бірақ алдымен қалада отырған қалмақтардың жай-күйін, әскери мықтылығын білу үшін олардың арасына тарақаттар (тыңшылар) жіберуді мақсаттайды және бұл істі інісі Елібайға табыстайды. Бұл жайында Сапиев жоғарыда аталған кітабында былай деп жазады: «Менен жүз жыл бұрын жасаған Пансат дамулла жазар-дүр. Қилы заманда қалмақтар қазақтардан Ташкентті үшінші мәрте тартып алыпты. Қазақ басшысы Төле би деген екен. Ол Бекабадта жатып, інісі Елібайға бұйырыпты: «Жаныңа тарақаттыққа машықтанған жігіттерді ал да, Ташкентке аттан! О жақтағы қалмақтардың ахуалын біл! Шаһар қамалының қай тұсы осал екенін байқа! Қамал үстіндегі қалмақ аламандарының саны қанша екенін біл! Лажы болса, өзің жігіттердің екі-үшеуін ертіп қала ішіне кір де, тайшының қай мезгілдерде бейқам болатынын анықта! Қала ішінде қанша ғаскер бар екенін шамала! Оларда қанша зеңбірек, қанша мылтық барлығын нақтыла! Шаһарға қай мезгілде шабуыл жасауға болатыны байқап, бізге тез хабарла»!
Елібай жас емес-дүр. Жасы жетпіске таяса да, жас жігіттей мықты екен. Қасында өзі сықылды епшіл, һәм мерген, һәм күшті, һәм айлалы он жігіті бар екен. Солармен бірге Ташкенттегі қалмақ ахуалын үш ай бойы бақылапты. Ақыры Сыры Мәнжі тайшының осал жерін тауып, қазақ сыпайларын шаһарға қаптатыпты» (өзбекшеден аударған автор).
Сапиев 1739-40 жылдардағы оқиғаны баяндап отыр және ол бұл жазбасында Елібайдың тек сыртқы әрекеттерін ғана суреттеумен шектелген. Әйтпесе, жасы жетпістегі адамның барлаушы қатарында жүруі үшін қандай мықты болуы керек. Содан соң ол заманда сырты түгел биік дуалдармен қоршалған, оның үстіне неше жүздеген қарауылдары бар Ташкенттің ішіне кіріп, жасырын жұмыс жасау да оңай емес? Ал Елібай жасының ұлғайғанына қарамай, осындай қиын жұмысты атқарған. Демек, ол қартайса да, жас күніндегі қайратты қалпынан ажырамаған. Және де Төле би ол жеткізген мәліметтер арқылы тиімді уақытта қалмаққа қарсы жорыққа шығып отырған. Дәл осы оқиғаның өзін қиялы жүйрік, тарихи қисынды жақсы меңгерген әлдеқандай қаламгер бір көркем шығармаға айналдырса ғой, қандай тамаша туынды шығар еді. Елібайдың халық үшін атқарған жақсы еңбектері мен көрсеткен батырлығы елге танылар еді. Әттең, біз – бүгінгі ұрпақ, аталар тарихына деген бойкүйездігіміз бен салғырттығымыздың кесірінен өткен ғасырлардағы бабаларымыздың ерліктері мен кейінгілерге үлгі боларлық жақсы істерінен мақұрым қалдық-ау. Күні кеше арамыздан кеткен әңгімешіл қариялардың өзімізге Елібай сынды ерлер жайында айтқан тамаша тәмсілдерін де жадымызға құйып алмаппыз. Әйтпесе, солар Елібай туралы талай айтты-ау.
80-ші жылдары Елібайдың ұрпағы Бәйдібек деген қария маған мынадай бір әңгіме айтқан: «Осы жұрттың бәрі белгілі бір адамды мадақтай беруге құмар. Сөйтеді де, сол белгілі адамның айналасында кімдер болғанын, әлгі белгіліні сонша дәрежеге жеткізген кімдер екенін айтудан қашқақтайды, болмаса олар туралы білгілері келмейді. Сөз жоқ, Төле би күллі қазаққа тұлға болған адам, бірақ оның бір ағасы мен бір інісі жайында жұрт неге ұмытады екен, осы? Елібайды Төле «Көзді інім» дейді екен. «Көзді» дегенінің мәнісі – Елібайдың көзі отыз-қырық шақырым жердегі адам мен аң-мал атаулыны анық көретін өткір болған екен. Одан соң ел шетіне жаудың жақындап қалғанын алдын-ала сезіп, бір төбенің басына шығып алып, неше шақырымда келе жатқан дұшпанның саны қанша екенін анықтап, санап береді екен. Осы қасиетіне қарап, Төле би үнемі жанындағыларға: «Қасымда Елішім (Елібайды Төле еркелетіп Елішім деген) барда жау жақындап қалды деп қорықпаймын» деп айтып жүреді екен. Елібайдың осындай кереметтілігінің арқасында қазақтар талай рет жаудың тұтқиыл шабуылынан аман қалыпты. Бір қызығы, Елібай атамыз ерке ұл боп өскендіктен, былайғы уақытта шаруаға бас ұрмайтын, серілік пен сәндікті қуған жігіт болыпты. Әрі мал да жинамапты. Оны өздерін жау қатерінен алдын-ала құтқарғаны үшін елдің өзі асырапты».
Бәйдібек қарияның айтқаны ауыздан-ауызға жеткен қарабайыр әңгіме болғанымен, астарында шындық бар тәмсіл. Бәлкім оның көзі неше шақырым алыста қыбырлап жүрген жанды нәрсенің не екенін ажырата алатын және дәл көретін қасиеті де болған шығар. Мұндай қасиеті бар адамдар да кездеседі өмірде. Алайда жаңағы әңгіменің астары өткір көзде емес, Елібайдың жау арасына барып, барлаушылық әрекетті жақсы атқара алғанын қара әңгімемен айқындап, қарапайым түсінікпен жеткізіп тұрған тәмсіл. Расында, жаугершілік заманда дұшпан арасына барып, өз халқы үшін барлаушылық қызметті ойдағыдай атқаратын, сонысымен елдің көзі бола білген жігіттерді келелі істерге ұйымдастыра алатын қасиеті бар Елібай да тегін кісі болмаған. Сондықтан да, ол – «Көзді Елібай» атанған. «Көзді» атанған кісінің соңында ел арасында «көзі де өткір болған» деген аңыздың да қатар жүретіні белгілі.
Елібай Әлібекұлы қалмақ соғысы кезінде барлаушылық қызметпен қатар, майданға араласып, жасы алпыстан асса да, соғыстарға араласып жүретін адам болыпты. Тарихтан белгілі, 1744 жылдың күзінде қазақтар қалмақтарды Ташкенттен қуып шығады да, одан соңғы майдандар қазіргі Қазығұрт тауының етегінде, Сайрамсу жағасындағы жазықта жалғасады. Осы кезде қалмақтардың басына баяғы Ақтабан шұбырынды кезінде қазақтар кешкен күй түсіп, қаша соғысады. Алаш өрендері оларға бір сәт те тыным бермей, ізбе-із ілесіп отырады. Бірақ қанша дегенмен әскерінің дені аман, мылтық-зеңбіректері бар қалмақтар бірдемде жеңіле салмай, жол-жолда ұрыс сала қашады. Ал қазақтар қашқан қалмақтардың ес жиюына, мылтық, зеңбіректерін оқтауға үлгертпеуге тырысып, өкшелей қуады. Қалмақтар Сайрамсудың жағасына келгенде мықтап бекініп, артта келе жатқан қазақтарға әжептеуір қарсылық көрсетеді. Ол кезде Сайрамсудың суы қазіргідей емес, өте мол, әрі атты адам беймарал кешіп өте алмайтын асау өзен екен. Көне естеліктердің айтуы бойынша, Елібай осы соғыста арғы бетте бекініп алып, қазақтарды өзеннен өткізбеу үшін оқ боратып жатқан қалмақтарға қатты ызаланып, жауға қарата: «Өлсем – қолым жағаңда болсын!» деп айқайлап, басқа серіктерінің «Тоқта!» дегендерін құлағына ілмей, атын бірден өзенге салыпты. Су ортасына жеткенде бірнеше мылтықтың оғы денесіне тиіп, аса қатты жарақаттаныпты. Астындағы аты ақылды жануар екен. Иесінің өлігін су ортасына қалдырмай, асау толқынмен алыса жүріп, бергі жағаға сау жетіпті. Осылайша, Елібай батыр 76 жасында қаза тауыпты.
Ауызекі әңгімелерде Елібай 54 жасында қайтыс болған деген сөз бар. Алайда ол әңгімеде оның қалай және қандай жағдайда о дүниелік болғаны айтылмайды. Егер Елібай расымен 54 жасында қайтыс болса, ол біріншіден, «Көзді Елібай» атана алмас еді, екіншіден, Төле би оған жоғарыдағыдай баға бермес еді, үшіншіден, ол Ақтабан шұбырынды зұлматын көрмес еді, төртіншіден, жаудан ығысқан қазақтармен ілесіп, Ташкенттен ары аспас еді, бесіншіден, ол туралы Асат Сапиев жазбас еді. Міне, осындай фактілердің бәрін ескерсек, Елібай туралы ол жайлы 76 жасында соғыс үстінде мерт болды деген сөздің қисыны бар деуімізге тура келеді. Қалай дегенмен де, бұл мақала Елібай туралы жазылып отырған алғашқы дүние ғой, сондықтан да, келешекте ол туралы жазылар көлемді еңбектерде бұл мәселе жайына көбірек ден қоямыз деген ойдамыз.
Бүгінде Елібайдан тараған ұрпақтар Төлеби ауданында үлкен бір ауыл болып отыр. Олар көбіне өздері тараған аталары – Елібайдың атын атамай, түптерін шартты түрде «Жаныс-Бесбаладан тарағанбыз» дейді. Өйткені Елібайдан – Айтқұл, Айтбай, Айтқожа, Қойсоймас, Дәуітбай атты бес бала туылған және қазіргі ұрпақтар осы бес баладан тарағандықтан, бұл әулет – «Бесбала Жаныс» аталып кеткен.
Елібай әулеттерінің ішінен кейінгі замандарда есімдері елге белгілі болған көптеген тұлғалар шыққан. Солардың бірі – Бекберді батыр. Бекбердіні біреулер қалмақ соғысының қаһарманы етіп шатастырып жүр. Шынтуайқа келгенде, Бекберді ат жалын тартып мінер жасқа толғанда қалмақтың қазақ даласынан құрығанына отыз-қырық жыл өткен. Оңтүстік қазақтары қалмақтан кейін жетпіс жылдай қырғыз шапқыншыларымен алысқан. Бір өкініштісі, осы шапқыншылық жайында тарихта көп айтыла бермейді. Оның шынайы шындығы енді-енді айтылып жүр. Қазақтың қалмақ соғысынан кейінгі батырларының аттары осы соғыста шыққан, әрі талай батырлар қырғыз шапқыншыларының қолынан қаза тапқан. Сондай қаһармандардың бірі – Бекберді батыр.
Қазақ-қырғыз қақтығысының түбі тереңде жатыр. Солай дегенмен де, бұл соғысқа кінәлі, әрі қақтығысты бірінші бастаған – қырғыздар. 1750-70 жылдары қазақ-қырғыз арасы әжептеуір бүлініп, екі жақ мың-мыңдап әскер шығарған қырғын соғыстар болады. Ақыры 1779 жылы Абылай хан Арқадан көп қол бастап келіп, қырғыздарды Меркі жерінде қирата жеңеді. Осыдан кейін соғыс тиылуы тиіс еді. Бірақ ескі кекті қуған қырғыздар тыншымай, Әулиеата, Шымкент, Түлкібас, Қазығұрт, Алатау маңындағы қазақтарға тыныштық бермейді. Өз кезегінде қазақтар да атқа қонып, олардан кек алу қамына кіріседі. Осындай жорықтардың бірінде, нақтысы – 1797 жылы қазіргі Қаржан тауының етегіне шабуылдап келген қырғыз шапқыншыларының бетін қайтарған жорықта Бекберді батыр қапыда қаза табады. Ол қаза тапқан оқиға ұзақтау әңгіме болғандықтан, бұл мақалада келтірмедік. Десек те, Бекберді батырдың да ел үшін көрсеткен ерліктері әлі күнге еленбей, шынайы бейнесі қазіргі жұртқа кеңінен таныстырылмай жүр. Келешек күндері реті келсе, Елібай мен Бекберді, сондай-ақ осы әулеттен шыққан басқа да атақты адамдар туралы үлкен еңбек жазсақ па дейміз. Ал қолдарыңыздағы жазбаны баста айтқанымыздай, сол үлкен еңбектерге апаратын алғашқы баспалдақ ретінде жазылған шағын шығарма десек те болады.
Иә, бізде тарих көп, ал елге танылмаған тарихи тұлғалар одан да көп…
Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы, тарихшы, профессор.