Көрмеде «Оңтүстік-цирк» өнер көрсетеді
Сарыарқа төрінде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде техника мен техникалық жетістіктер тамашаланып қана қоймай, онда өтетін мәдени іс-шараның ауқымды әрі жан-жақты болатыны белгілі. Маусымның 10-ы мен қырқүйектің 10-ы аралығында өтетін бұл көрмеде қызықты ойын-сауықты бағдарламалар, концерттер, түрлі шоулар көрсетіледі. Сол кезде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған миллиондаған жұртшылыққа өнерін паш ететін қазақстандықтардың қатарында «Оңтүстік–Цирк» мекемесінің өнерпаздары да болады.
Аталған мекеменің шабандоздықты үйренген өрендері Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде өзгеше өнер көрсетпек. Бұған олар әзірден дайындалып жатыр. Үлкен ептілік пен талмас табандылықты талап ететін бұл өнер талай жұрттың көңілінен шығатыны анық. Ең бастысы сенім артқан сайыпқырандар қойылатын нөмірді қысқа мерзім ішінде мінсіз орындап шықса болғаны. Бұл ретте «Оңтүстік – Цирктің» шабандозшыларын сол үлкен додаға дайындап жатқан топ жетекшісі Қалқаман Дүйсеқұловтың да еңбегі зор. Ол:
– Біз ат құлағында ойнаған қазақтың ұрпағымыз ғой. Сондықтан болса керек шабандоздық өнерді (джигитовка) көптеген қазақ жігіттері серік тұтады. Әрине бұл қуанарлық жәйт. Бірақ оның да өз қиындықтары бар. Шабандоздық өнер кезінде ат үстінде тік тұру, секіру, астынан өтуді меңгеру ересен еңбекпен еңсеріледі. Ат құлағында отырып бір мезетте көркем қимыл мен шалт қозғалысты ерекше үйлесіммен көрсету кез келгенге қол емес. Оның әдісін алу үшін сайыпқырандарымыз қаншама сағатын жаттығу залында сарп етеді. Ең бастысы жетістік. Біздің мақсат маңдай термен меңгерген осы өнерімізді Сарыарқа төсінде болатын ЭКСПО-2017 көрмесінде паш ету, — дейді.
«Оңтүстік — Циркте» шабандоздық өнер бөлімі осыдан 7 ай бұрын ашылған болатын. Жұмысын бастағанына жыл толмаса да ондағы шабандоздардың жеткен жетістігі жетерлік. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев пен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйымдастыруымен Түркістан төрінде болған Наурыз тойында олардың көрсеткен өнерін жұрт жылы қабылдап, жоғары баға берген болатын. Цирк ұжымы мұның өзін мерейлі мәртебе деп біледі.
«Оңтүстік – Цирк» МКҚК мекемесінің директоры Арман Әлиев алдағы уақытта тың бастаманы қолға алуды жоспарлап жатқанын да жасырмады. Бұл жайында ол:
– Әлемнің бірқатар циркінде ат үстінде өнер көрсететін топтар бар. Келешекте солардың басын қосып, Шымкентте халықаралық фестиваль өткізгім келеді. Әзірге бұл жоспар ғана. Жүзеге асар күні де алыс емес деп сенемін. Негізінде қазақтың жігіттері Қамбар ата төлін ер қанаты деп білетіні белгілі. Сондықтан болса керек біздің облыста ат спортын серік ететін жігіттер жетерлік. Олардың сол шеберлігін шыңдай түссек, әлі талай биіктерге шығамыз. Бұл үшін мемлекет бізге барлық мүмкіндікті жасап жатыр деп айта аламын. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне шақырту алғанымыздың өзі соған нақты дәлел. Бізге артылған үмітті ақтау үшін, барымызды салатын боламыз. Қазіргі таңда өнерін ортаға салатын өнерпаздарымыздың ең үздік деген қойылымдарын іріктеп, оны бір бағдарламаға біріктірудеміз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне шабандоз жігіттермен қатар, мықты акробаттарымыз бен үйретілген аңдарды да апарамыз, — дейді.
ЭКСПО-2017 көрмесінде «Оңтүстік – Цирк» ұжымының өнерлері Елордада өтетін мерекенің мәнін аша түсетіні айдан анық.
Д.ДҮЙСЕБАЙ.