ЭКСПО-2017 – озық үлгілер паш етіледі
Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жалауы желбірейтін тарихи сәтке санаулы күндер қалды. Орталық Азия елдерінде, тіпті ТМД мемлекеттері ішінде ең алғаш рет Қазақстанда өткізілгелі отырған бұл жаһандық шараға Елбасы
Н.Назарбаев «Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпиада ойындары немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен бара-бар» деп баға берген болатын.
Жаһандық шара маусымның 10-мен қыркүйектің 10-ы аралығында самалды Сарыарқа төсінде «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен өтеді. Көрмеге келетін қонақтардың саны 5 млн.-ға жуықтайды деп күтілуде. Олардың 15 пайызын шетелдік туристер құраса, қалған 85 пайызы қазақстандықтар болады деп жоспарлануда. Әлемнің 115 елі мен 18 халықаралық ұйымнан өкілдер қатыспақ. Аталған көрмеде энергия сақтау технологиясы, күн, жел, теңіз, мұхит және термальді су тәрізді баламалы энергия көздерін пайдаланудың дүниежүзілік жаңалықтарын көрсетуге екпін беріледі. Өз кезігінде бұл тәжірибе дамыған 30 елдің қатарына қосылуды межелеп отырған Қазақстанның озық технология арқылы экономикалық өсу мен инфрақұрылымдық дамуды қолға алу тетіктерін жетілдіре түседі.
Қазіргі таңда 7 млрд.тан астам тұрғыны бар төрткүл дүниеде ең өзекті тақырыптың бірі – жаһандық жылыну үрдісінің белең алып, энергетикалық тапшылық мәселесінің күн санап күрделене түсуі болып отыр. Сондықтан да ұрпақ болашағы жаңғырмалы қуат көздеріне тікелей байланысты. Ал ЭКСПО-2017 көрмесінде баламалы қуат көздерін өндіріске енгізудің озық үлгілерін терең меңгерген елдердің тәжірибесі паш етіледі.
«ҚОНАҚ КЕЛСЕ – ҚҰТ»
ЭКСПО-2017 көрме кешеніне әлемнің әр түкпірінен келген жұрттың Қазақстанның өзге де қалаларына ат басын бұруға қызығушылығы зор болатыны сөзсіз. Мамандар көрме кезінде оңтүстікке 150 мың саяхатшы ат шалдыруы мүмкін екенін алға тартуда. «Қонақ келсе құт» деген. Өз кезегінде бұл жергілікті бюджетке қосымша қаржы түсіретін болады. Ең бірінші кезекте саяхатшыларды 45 әулиелі жері бар киелі кент Түркістан қызықтыратыны сөзсіз. Меймандарды көне қаладағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі құнды жәдігерлермен қатар, күмбезді құрылыстың жалпы тарихы мен архитектурасы бірден баурап алатыны аян. Сонымен қатар саяхатшыларды тасын түртсең тарих сөйлейтін көне Отырардағы Арыстанбаб кесенесі де ерекше әсерге бөлейтіні белгілі. Киелі Қазығұрт тауына сапарлау саяхатшыларға ұмытылмас естеліктер сыйлайтыны тағы анық. Қонақтар тамашалайтын жерлер мұнымен түгесіліп қалмайды. Келушілер үшін «Ақсу-Жабағылы» қорығы мен «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы таңғажайып табиғаттың керемет көрінісін көрсетудің өзі облыс үшін үлкен мәртебе.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО-2017 көрмесіне келген саяхаттанушылардың аймақтағы сапарын сәтті етудің дайындығына кірісіп те кетті. Бұл бағыттағы жұмыс жан-жақты қолға алынуда. Мәселен, үш жүздің басы қосылған, қазақ жұрты үшін әрдайым орны бөлек Ордабасы ауданы саяхатшылар үшін туристік бағытқа Қажымұқан атындағы облыстық мұражайды, «Ордабасы» тарихи-өлкетану мұражайын, «Ордабасы» ұлттық тарихи мәдени қорығын енгізіп отыр. Келушілерге барлығы да айдан анық болуы үшін нысандардың төлқұжаты ережеге сай жазылып, тиісті орындарға ілінді. Саяхатшылар жүріп өтетін жолдар түгелімен есепке алынып, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайлылығы үшін пандустар орнатылды. Қазіргі таңда тамақтанатын орындарда санитарлық талаптардың нормаға сәйкес болуы қатаң бақылауға алынған. Бұдан бөлек, 200 қоғамдық автобусқа көрме логотипі жапсырылған. Бұл шарада Арыс қаласы да аянып қалған жоқ. Қаладағы көптеген көліктерге ілінген логотиптер халықаралық көрменің мәнісін аша түсуде.
Емдеу-сауықтыру туризмі ерекше қарқынмен дамып жатқан Сарыағаш ауданы да бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлес қосуда. Жергілікті жердегі автокөліктерге көрме логотиптері орналастырылған. 30-ға жуық ауыл округтерінде көпшілік назары көп түсетін жерлерге билбордтар ілінген. 39-туристік мекеме қызметкерлерінің шет тілінде емен-жарқын сөйлеуін жолға қоюда барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Бұл ондағы емдеу – сауықтыру орталықтары мен қонақүйлерге барған меймандарға сапалы қызмет көрсетудің басты тетігі болатыны белгілі.
ШЫМКЕНТ ҚОНАҚТАРДЫ ШАТТАНДЫРАДЫ
Үшінші мегаполис болуға әбден лайық Шымкент қаласы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі туристік бағыттарының бірі болып табылатыны белгілі. Шаһарға келген меймандарға тарихи танымдық туристік бағыты бойынша қала территориясындағы орталық мешіт, Ибрагим ата кесенесі, Қарашаш ана кесенесі мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы, «Қылует» этно-мұражайы көрсетілмек. Бұл орындар олардың рухани сусындалуына ерекше серпін бермек. Ал экологиялық бағыт негізінде келушілер Бәйдібек би ескерткіші, «Тәуелсіздік» саябағы, «Абай» саябағы, дендросаябақ, зообақ, «Ордабасы» алаңы, Наурыз алаңы мен әкімшілік іскерлік орталығын аралайтын болады. Қонақтарға мінсіз қызмет түрін көрсету үшін әзірден аудармашы-гидтер дайындықтарын пысықтап жатыр. Қалада көрменің өтетіні туралы баннерлер ілініп, қоғамдық көліктерге көрменің төлтаңбасын жапсыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Алыстан ат арылтып келген қонақтардың жайлы жайғасуына «Риксос Хадиша Шымкент», «Қайнар», «Гранд Шымкент», «Алтын қазына», «Канвас» қонақүйлері сапалы сервистік қызмет көрсетуде талап үдесінен табылатыны сөзсіз. Жасыл желекке оранған сәулетті қала – Шымкент қонақтарды ерекше шаттандыратынына сеніміміз зор.
ОҢТҮСТІКТЕН 150 МЫҢ САЯХАТШЫ ЕЛОРДАҒА БАРАДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәлімдеуі бойынша ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне облыстан 150 мың адам баратын болады. Олардың 3750-і мектеп жасындағы оқушылар болса, 139-ы мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнет жасындағы азаматтар болып табылады. Қазіргі таңда көрмеге баратындардың барыс-келісін реттеу жұмысы мен жатын орындары сайланып жатыр. Аталған басқарма өкілдері көрмеге баратын адамдардың саны белгілі болғанын, ендігі кезекте оларды тасымалдау тетіктері ойластырылып жатқанын алға тартты. Алдын ала тапсырыспен Астанадағы жоғары оқу орындарының жатақханаларынан орын алып жатқанын жеткізді. Оңтүстік Қазақстаннан көрмеге баратын 150 мың адамның 15 пайызы елордаға ұшақ арқылы жетеді. Ал 110 200 азамат пойызбен баратын болады. Билеттер алдын ала брондалып қойылған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Мырзабаев көрмеге баратындар үшін 15-сәуірден бастап пойыз бен ұшақтарға билеттер сатылып жатқанын мәлімдеді.
КӨРМЕ БИЛЕТТЕРІ САТЫЛЫМҒА ШЫҚТЫ
Халықаралық көрмеге билеттер сатылымға шықты. Шымкенттегі «Шымкент плаза» ойын-сауық және сауда үйінде билет сататын арнайы касса 12-наурызда жұмысын бастады. Билет құны 4000, 6000, 8000 теңге. Яғни, ЭКСПО-2017 көрмесіне сатылымға шыққан билеттің үш түрлі бағада болуының өзіндік мәні бар. Егер Сіз белгілі бір мерзімге тіркелген билет алсаңыз ол үшін – 4000 теңгелік, ал белгілі бір мерзімнің демалыс күніне тіркелген билетті алсаңыз ол үшін – 6000 теңгелік, мерзімі нақты көрсетілмеген билетті алсаңыз ол үшін – 8000 теңгелік билет алуыңыз қажет. Ал егер кез келген уақытта, аптаның кез келген күнінде көрмені тамашалауға қол жеткізгіңіз келсе онда кәдесыйлық сипаттағы 20 мың теңгелік билет сатып алуыңызға әбден болады. Көрсетілген шарттарға қарай өзіңіз қалаған билетті сатып аласыз. Сонымен қатар «Жаңа талап» туристік ұйымы мен Шымкенттегі «Қазпочта», «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында билеттердің онлайн-сатылымы жүріп жатқанын біле жүргейсіз. Үйде отырып- ақ билетке тапсырыс беруіңізге болады. Бұл туралы толық мәліметті tickets.expo2017astana.com сайтына кіру арқылы біле аласыз.
«ЖАҚСЫНЫ КӨРМЕК ҮШІН»
Жалпы жұртшылыққа жүзден астам мемлекеттің мәдениетін таныстыратын бұл көрмені тамашалау қолжетімді болуы керек. Осы мақсатта Ұлы Отан соғысы ардагеріне және олардың қасында жүрген күтушілеріне билеттер тегін үлестірілмек. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген зейнеткерлердің де көрмені тегін тамашалауына болады. Мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен 6 жасқа дейінгі балалардың көрмеге баруы үшін ақша алынбайды. Бірақ 6 жасқа дейінгі баласын көрмеге апара жатқан ата-аналарға билет алу міндеттеледі. Ал кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы бар аналар билетті 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алуына болады. Ол үшін билет кассаларында жеке куәлігіңізбен жеңілдік қарастыруды растайтын құжаттарды (яғни, баланың туу туралы куәлігін) көрсетуіңіз керек. Зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, студенттер мен оқушыларға да арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бастысы билет кассаларында жеңілдік жасауға негіз болатын фактілерді растайтын құжаттарды (жеке куәлік, студенттік билет және т.б) көрсетсеңіз болды.
А.САТЫБАЛДЫ.