ОТАНДЫҚ ӨНІМ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ЭКСПОРТТАЛМАҚ

Киелі Түркістан топырағында соңғы жылдары өндірістің өрісі кеңейіп, жергілікті кәсіпкерліктің тамырына қан жүгіре бастағаны баршаға аян. Шаһарда тек құрылыс пен туризм ғана емес, елдің әлеуетін арттырып, дастарханын берекеге толтыратын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі де жаңа деңгейге көтерілді. Бұған дәлел – өңірде сүт өнімдерін өндіру көлемінің артып, отандық брендтердің экспорттық бағытқа батыл қадам басуы. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапалы өнім ұсынуды басты мұрат санаған жергілікті кәсіпорындар ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай, енді шетелдік тұтынушылардың да талғамынан табылуды көздеп отыр.
Осындай маңызды тірліктің алдыңғы шебінде жүрген берекелі кәсіпорынның бірі – «Milkart» сүт өнімдерін өндіретін зауыты. Түркия елінен арнайы алдырылған заманауи, озық технологиялы құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл өндіріс орны өз жұмысын 2024 жылы бастаған болатын. Бар-жоғы екі жыл ішінде өндірістің көрігін қыздырған зауытта бүгінде тәулігіне ондаған тонна сүт өңделіп, табиғи таза шикізаттан сүт өнімдерінің 48 түрі әзірленеді. Шұрайлы өлке өнімдерінің қатарында күнделікті дастарқаннан үзілмейтін сүт, айран, қаймақ, құнарлы сүзбе, сарымай сияқты өзге де дәмді әрі құнарлы тағамдар бар. Қазіргі таңда бұл өнімдер Түркістан мен Кентау қалалары тұрғындарының ықыласына бөленіп, күнделікті тұтынатын асына айналып үлгерді. Сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік жағдайын басты назарға ала отырып, зауыт өнімдері қалалық әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда желілеріндегі арнайы бұрыштарға тұрақты түрде, қолжетімді бағамен жеткізіліп тұрады. Дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде де бұл өнімнің бағасы өзгелерден әлдеқайда тиімдірек ұсынылып, бұқараның алғысына ие болып келеді.
Әрине, тоқмейілсу – дамудың жауы. Сондықтан «Milkart» кәсіпорны өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып, жаңа биіктерді бағындыруға құлшынып отыр. Жақын болашаққа түзілген жоспарға сәйкес, кәсіпорынның өндірістік қуаты төрт есеге дейін артып, зауытқа мүлде жаңа технологиялар енгізілмек. Бұл батыл қадам дайын өнімдерді көршілес Өзбекстан, Қырғызстан секілді Орталық Азия елдерінің сөрелеріне жеткізуге, тіпті алып Қытай нарығына экспорттауға даңғыл жол ашады. Сыртқы нарыққа шығу – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімінің артуына және тұтас облыстың өндірістік әлеуетін күшейтуге оң ықпал етері сөзсіз. Бағаны тұрақтандыру мақсатында кәсіпорын мемлекет қолдауының шарапатын да тиімді пайдалануда. Олар «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген несие алып, халыққа әлеуметтік маңызы бар сүт өнімдерін белгіленген тұрақты бағамен ұсынып отыр.
Бүгінде осы қара шаңырақта 13 жергілікті тұрғын тұрақты еңбек тауып, нәпақасын айыруда. Оның сегізі өндірістік цехтың ішінде сүттің тазалығы мен сапасын бақыласа, бесеуі дайын өнімді тұтынушыға дер кезінде жеткізумен айналысады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен кәсіпкерлердің жанкешті еңбегі тоғысқанда ынтымақ пен берекенің артатыны белгілі. Соның нәтижесінде ертең-ақ Түркістанда әзірленген табиғи өнімдер халықаралық деңгейде бағаланып, әлемдік сөрелерде «Қазақстанда жасалған» деген мақтаныш белгісінің абыройын асыра түспек.




