ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысы бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолына түсіп, жүйелі жұмыстың шынайы жемісін көре бастады. Аймақ экономикасының барлық саласында атқарылған мақсатты шаралар мен тиянақты қадамдар өз нәтижесін беріп, ағымдағы 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынында жоғары оң динамика берік сақталды. Тіпті, қысқа мерзімді экономикалық өсім деңгейі 125,2 пайызды бағындырып, Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде көш бастап, бірінші орынға шықты.

Аймақтың осынау айтулы жетістіктері мен алдағы міндеттері облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен алқалы жиында кеңінен талқыланды. Басқосудың күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы төрт айдағы қорытындылары мен жергілікті бюджеттің атқарылу барысы егжей-тегжейлі қаралды. Мәжіліс барысында ел мен билік алдындағы жауапкершілікті терең сезінген облыс әкімінің орынбасары тиісті басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларға жұмыс қарқынын барынша күшейтуді шегелеп тапсырып, алдағы уақытқа арналған нақты міндеттер жүктеді. Ол өз сөзінде тұрақты әрі баянды экономикалық өсімге қол жеткізудің басты кілті инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру мен құрылыс саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін сапалы салу екенін, бұл шаралардың аймақ дамуына қосар үлесі орасан зор екенін атап өтті. Сол себептен де, әрбір аудан мен қалаға жекелей декомпозицияланған жоспардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты. Әлеуметтік-экономикалық даму бағытында белгіленген биік межелерден көріну үшін барлық тиісті жұмыстарды үйлесімді атқаруды міндеттеген Қанат Қайыпбек, сонымен бірге республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің мерзімінде, мақсатты және өте сапалы игерілуін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Жиын барысында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар мінберге көтеріліп, 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы мен әлеуметтік-экономикалық дамудың көрсеткіштерін нақты деректермен өріп берді. Оның мәлімдеуінше, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 571,7 миллиард теңгенің алып межесіне жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны 133 пайызды құраған. Кәсіпкерліктің күретамыры саналатын өңдеу өнеркәсібінде 272,7 миллиард теңгенің сапалы өнімі өндіріліп, бұл саладағы өсім 156,5 пайыздық жоғары деңгейде қалыптасты. Ал аймақ экономикасының басым бағыттарының бірі – тау-кен өндірісі де кенде қалмай, 244,7 миллиард теңгенің өнімін нарыққа шығарып, өсім деңгейін 117,6 пайызға жеткізді, осылайша белгіленген жоспар толығымен бағындырылды. Облыстың бас аграрлық саласы – ауыл шаруашылығында да сәуір айының қорытындысымен 205,9 миллиард теңгенің өнімі алынып, өсім қарқыны 111,3 пайызды көрсетті. Ең қуаныштысы, жыл басынан бері өңірдің негізгі капиталына сырттан 470,2 миллиард теңге инвестиция құйылып, өсім 157,4 пайыздық көрсеткішпен елді сүйсінтті. Мұнымен қоса, құрылыс жұмыстарының көлемі де еселеніп, 95,8 миллиард теңгеге жетті, ал өсім деңгейі 110,3 пайыз шамасында тұрақтады.
Осынау толағай табыстардың қаржылық қыры туралы Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гульфари Ажиметова да тұщымды баяндама жасады. Оның айтуынша, осы жылдың 1 мамырындағы ресми жағдай бойынша облыс көлеміндегі түсімдер жоспары 105 пайызға асыра орындалып, қазына қоржынына жоспардан тыс тағы 22,7 миллиард теңге қаржы құйылды. Мемлекеттік жоспардың бұлайша артығымен орындалуы сыртқы факторларға емес, негізінен өңірдің өз ішіндегі өзіндік кірістер көздерінің есебінен қамтамасыз етілгені облыстың ішкі тұрақтылығы мен экономикалық дербестігін айқын аңғартты. Аймақ жұртшылығының әл-ауқатын арттыруға бағытталған негізгі әлеуетті мәселелер мен экономикалық өсім тетіктері бүгінде облыс басшысының қатаң әрі тұрақты бақылауына алынған. Елдің еңсесін тіктеп, Түркістанның мәртебесін асқақтата түсетін бұл жасампаз жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.