МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖҰМСАЛЫП ЖАТЫР?

Қазақстанда заңсыз арттырылған активтерді мемлекетке қайтару процесі әлеуметтік әділеттілікті орнатудың нақты тетігіне айналды. Бас прокуратураның 2025 жылғы қорытынды есебіне көз жүгіртсек, бұл жұмыстың ауқымы мен нәтижесі көңіл қуантады. Бүгін біз осы триллиондардың қайдан келгенін және ең бастысы, қайда жұмсалып жатқанын талдап көрмекпіз.

Бүгінге дейін мемлекетке активтерді қайтару бойынша 1,3 триллион теңгеден астам сомаға нақты шаралар қабылданды. Оның ішінде 1,076 триллион теңгесі қазірдің өзінде мемлекет қазынасына нақты қайтарылды. Қайтарылған мүліктердің ішінде сән-салтанатты зәулім үйлер мен элиталық пәтерлер, шетелдегі жер учаскелері мен ірі кәсіпорындардағы үлестер, қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар мен тарихи құнды жәдігерлер бар. Тек 2025 жылдың өзінде 316,7 миллиард теңге қайтарылса, оның басым бөлігі (278 млрд теңге) қолма-қол ақша түрінде қазынаға құйылды.
Заң субъектілері тек мүлік қайтарып қана қоймай, ел экономикасына 5,2 триллион теңге инвестиция салу міндеттемесін алды. Бұл дегеніміз — бюджетке салмақ салмай-ақ, жаңа зауыттар, логистикалық орталықтар мен туристік кешендер бой көтереді деген сөз. Осы жобалардың арқасында 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайын қосымша 1 миллиард теңге түсім түспек. Қайтарылған қаражат Арнайы мемлекеттік қорға жинақталып, тікелей әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталуда. Қазірдің өзінде 480 миллиард теңгеге 434 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Прокурорлар тек қағаз жүзінде емес, құрылыс алаңдарында капсула салынған сәттен бастап, нысанды пайдалануға бергенге дейін басы-қасында жүр. Тіпті, қашықтан бейнебақылау арқылы әрбір тиынның мақсатты жұмсалуын қадағалап отыр.
Бұрын базалық медициналық көмек алу үшін 100-200 шақырым жол жүретін ауыл тұрғындарының мәселесі дәл осы бастама негізінде шешіле бастады. Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Түркістан және тағы басқа облыстардың жүздеген мың тұрғыны алғаш рет орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізді. Риддерде жаңа аурухана, Ақтауда жедел жәрдем станциясы салынса, ауылдарда 115 заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Көкшетауда «Kokshe-arena» кешені бой көтерсе, Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы жүріп жатыр. Білім саласында Шымкентте ерекше балаларға арналған жатақхана, Петропавлда балабақша, Түркістанда музыка мектебі салынды. Ал көлік байланысын жақсарту мақсатында Арқалық, Балқаш және Павлодар қалаларындағы әуежайларды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл туризмді дамытуға және жолаушылар ағынын жылына 1 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді.