ЖОЛ – ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын көктей өтіп, батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғап жатқан автомобиль жолдары — мемлекет экономикасының ғана емес, тыныс-тіршілігінің де басты күретамыры. Соңғы жеті жыл көлемінде еліміздің жол инфрақұрылымында бұрын-соңды болмаған ауқымды бетбұрыс басталды. Бұл тек асфальт төсеу науқаны емес, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, транзиттік әлеуетті арттыру және миллиондаған отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық жоба.

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен қолға алынған бұл бағдарлама бүгінде өз жемісін бере бастады. Алайда осы жетістікке жету жолында қазақстандық жол саласы талай сын мен кедергілерді еңсеруге мәжбүр болғанын жасыруға болмайды. Бүгінде Қазақстандағы жалпы жолдардың ұзындығы 96 мың шақырымға жуықтады. Бұл – үлкен қашықтық. Елестетіп көріңізші, осы 96 мың шақырымның әрбір метрі күтім мен жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде 25 мың шақырымы — елдің басты магистральдары, ал 71 мың шақырымы — ауыл мен ауданды, облыс орталықтарын жалғаған жергілікті маңызы бар жолдар. Соңғы жылдары атқарылған жұмыс нәтижесінде 25 мың шақырымнан астам жол жаңартылды. Бұл — ел тарихындағы үлкен рекорд. Егер 2019 жылы ауыл арасындағы жолдардың жағдайы көңіл көншітпей, нормативтік үлесі небәрі 68 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 91 пайызға дейін көтерілді. Ал республикалық маңызы бар трассалардың 94 пайызы қазір халықаралық стандарттарға сай келеді.
Жол құрылысы — Қазақстандағы ең көп сынға ұшырайтын салалардың бірі. Жүргізушілердің «асфальт қармен бірге ериді» деген ащы мысқылы, сапасыз материалдар мен ұзаққа созылған құрылыстар қоғамның қытығына тиіп келгені жасырын емес. Мысалы, «Қызылорда – Жезқазған» жолының жайы көп жылдар бойы жылауық тақырыпқа айналған еді. Екі облысты жалғайтын бұл бағытпен жүру нағыз азапқа тең болатын. Көптеген сыннан кейін ғана Қызылорда жағындағы учаскелер қайта жаңғыртылып, Ұлытау өңіріндегі жұмыстар қарқын алды. Сол сияқты «Атырау – Астрахань» бағыты да батыс өңірінің тұрғындары үшін үлкен сынаққа айналған-ды. Бүгінде бұл трассалардың жаңа кейіпке енуі – сыннан қорытынды шығарып, нәтижеге жұмыс істеудің үлгісі болса керек.
Инфрақұрылымдық серпілістің інжу-маржаны ретінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) атауға болады. 2023 жылы пайдалануға берілген бұл алып жоба Орталық Азиядағы ең ірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысанына айналды. Алты жолақты, заманауи техникамен жабдықталған бұл айналма жол Алматы қаласының тынысын ашты. Енді алып жүк көліктері шаһардың ішіне кіріп, кептеліс тудырмай-ақ, қаланы айналып өтеді. Бұл – экология үшін де, жол қауіпсіздігі үшін де таптырмас шешім. Дәл осындай күрделі жобалардың қатарына Шақпақ-Баба асуындағы автомобиль тоннелін және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін бірегей көпірді қосуға болады. Мұндай нысандар – тек жол емес, бұл – отандық инженерлік ойдың жеңісі.
Еліміздің басты артериясы саналатын «Қарағанды – Алматы» трассасының жаңаруы да миллиондаған жолаушы үшін үлкен сый болды. Астана мен Алматы арасындағы қатынас енді әлдеқайда жылдам әрі жайлы. Жолдың кеңейтілуі, жаңа көпірлер мен жолайрықтардың салынуы апат деңгейін төмендетіп, тауар айналымын жеделдетті. «Талдықорған – Өскемен», «Астана – Павлодар», «Қалбатау – Майқапшағай» сияқты бағыттардың іске қосылуы шығыс пен орталықты, солтүстік пен оңтүстікті тығыз байланыстырды. Бұл жолдардың әрбір шақырымы — жаңа бизнес нысандарының ашылуына, логистикалық орталықтардың бой көтеруіне және шалғайдағы ауылдардың жандануына жол ашты.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағы арқылы жалпы ұзындығы 13 мың шақырым болатын сегіз халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл — біздің транзиттік болашағымыз. Біз – құрлықтың қақ ортасында орналасқан елміз, сондықтан сапалы жол біз үшін «алтын көпірге» тең. «Үшарал – Достық» жолының жаңғыртылуы Қытаймен арадағы сауда-саттықтың жаңа деңгейге шығуына сеп болды. Логистикалық тораптардың жұмысы жеңілдеп, тауар жеткізу уақыты едәуір қысқарды. Десе де, құрылысты аяқтау – жұмыстың жартысы ғана. Негізгі мәселе – оны сақтау. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеудің жаңа бағдарламасы қолға алынды. 10 мың шақырымды қамтитын бұл бағдарлама «Жезқазған – Петропавл», «Қостанай – Мамлютка» сияқты маңызды бағыттарға екінші өмір сыйламақ. Орташа жөндеу – бұл жай ғана жамау емес, бұл – жолдың қызмет ету мерзімін ұзартып, тегістігін қалпына келтіру. Биылдың өзінде 5 мың шақырым жол жөндеумен қамтылып, жыл соңына дейін 2 мың шақырымы қолданысқа берілмек.
Жол инфрақұрылымына салынған әрбір теңге – ертеңгі күннің пайдасы. Сапалы жол – төмендеген көлік шығындары, жеделдетілген жүк тасымалы және дамыған өңіраралық сауда. Бүгінгі таңда жолдардың жақсаруы шағын және орта бизнестің дамуына соны серпін берді. Жол жиегіндегі сервистік нысандар, кемпингтер, дәмханалар мен қонақ үйлер жаңа жұмыс орындарын ашуда. Аймақтардың инвестициялық тартымдылығы артты. Ең бастысы, халықтың мобильділігі өсті – адамдар енді бір өңірден екінші өңірге барудан қорықпайтын болды.