ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ЖАНАШЫРЛЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Айжан Наимбекова – мандаттың міндетін терең түсінетін депутат

Қазіргі уақытта жергілікті өкілді органдардың тиімділігі ең алдымен ондағы тұлғалардың деңгейімен өлшенеді. Мәслихат мінберіне жай ғана лауазым иесі емес, қоғамның тынысын сезінетін, халықтың мұңын жүрегімен қабылдайтын, сөзі мен ісі қабысып жатқан азаматтар келгенде ғана жергілікті басқару жүйесінің беделі биіктеп, абыройы артады. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Айжан Ізбасханқызы Наимбекованың қоғамдық-саяси портреті – қазіргі қазақстандық депутатқа қойылар биік талаптардың нақты көрінісі.

Айжан Ізбасханқызының депутаттық қызметіндегі басты ерекшелік — формализмнен ада, шынайы еңбекке, нақты нәтижеге негізделген жұмыс стилі. Ол халықпен кездесуді есеп үшін өткізбейді, әр қоғамдық қабылдауды нақты мәселелердің түйінін тарқататын алаңға айналдыра біледі. Көшпелі қабылдаулар барысында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдері, инфрақұрылым, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, балалар мен аналардың жағдайы секілді өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылады. Депутаттың басты ұстанымы – мәселені тек тыңдап қою емес, оның шешілу жолын тиісті органдармен бірлесе отырып нақтылау, бақылауда ұстау. Оның азаматтық болмысы дәл осы жауапкершілік сезімінен айқын аңғарылады. Қоғам алдындағы міндетті терең түсіну, әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпау — Айжан Наимбекованың қызметіндегі басты қағидалар. Сол себепті де ол сайлаушылар арасында сенімге ие, сөзі өтімді, пікірі салмақты тұлға ретінде танылды.
Кәсіпкерлік саладағы мол тәжірибе Айжан Ізбасханқызының мәслихаттағы жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп отыр. «GraMad Retail» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры ретінде ол бизнестің ішкі логикасын, нарықтық қатынастардың нәзік тетіктерін, кәсіпкердің алдында тұрған тәуекелдер мен жауапкершілікті терең біледі. Бұл білім мен тәжірибе мәслихаттағы Кәсіпкерлікті дамыту және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссияға төрағалық еткен кезден бастап ерекше маңызға ие болды. Аталған комиссия аясында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, цифрландыру салалары бойынша басқармалардың жоспарлары талқыланып, атқарылған жұмыстарына жүйелі талдау жасалады. Айжан Наимбекова бұл процестерде тек бақылаушы емес, нақты ұсыныстар айтатын, сындарлы пікір қалыптастыратын жан ретінде өзін таныта білді. Ол қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты нәтижеге, кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін туындайтын шынайы әсерге басымдық береді. Ұйымдастырушылық қабілеті осы жерде айқын танылады. Комиссия жұмысының жүйелі жүруі, цифрландырудың жалаң ұраннан нақты құралға айналуының бір ұшы талап қоя білуге, нәтижені тиісті деңгейде талдай алуға келіп тірелері анық.
Айжан Ізбасханқызының қызметіндегі тағы бір маңызды қыры — Шымкент қаласының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі ретіндегі миссиясы. Бұл — ерекше жанашырлықты, төзімділікті, моральдық беріктікті талап ететін сала. Қиын жағдайға тап болған отбасылармен, әлеуметтік осал топтармен, тағдыр тауқыметін ерте тартқан балалармен жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ал Айжан Ізбасханқызы бұл жауапты міндетті жүрек қалауымен, азаматтық борыш ретінде атқарып келеді. Баланың құқығы — қоғамның ар-ұяты. Осы қағиданы басшылыққа алған ол әрбір іске жай ғана лауазым жүктеген міндет ретінде емес, адами өлшеммен қарайды. Оның араласуымен көптеген отбасыларға құқықтық, әлеуметтік, моральдық қолдау көрсетіліп, балалардың қауіпсіздігі мен болашағына қатысты нақты қадамдар жасалуда. Бұл қызметтен оның жанашырлық қасиеті, аналық мейірімі мен қоғамдық жауапкершілігі қатар көрінеді.
Айжан Ізбасханқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Бұған дейін алған «Халық алғысы» медалі, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі, «Белсенді қызметі үшін» марапаты, «Жомарт Жүрек» сыйлығының «Жыл тұлғасы» атағы, Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаттары — оның қоғам алдындағы еңбегінің кезең-кезеңмен мойындалуы. Ал биылғы «Құрмет» ордені — осы ұзақ жылдық табанды еңбектің заңды жалғасы, биік бағасы. Бұл марапаттың қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қолынан табысталуы да оның қала дамуындағы рөлін айқындай түседі.
Айжан Ізбасханқызының тұлғалық болмысы — азаматтық позиция, іскерлік шеберлік, жанашырлық пен ұйымдастырушылық қабілеттің үйлесімді тоғысы. Ол үшін депутаттық мандат — мәртебе емес, міндет. Кәсіпкерлік — жеке табыс көзі ғана емес, қоғамға қызмет етудің тетігі. Ал бала құқығын қорғау — кәсіби жүктеме емес, адамгершілік парыз. Осындай тұлғалар бар кезде мәслихаттың да, қоғамның да салмағы арта түседі…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.