ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР БІЛІМ БӘЙГЕСІНЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

2025 жылдың 17-21 қараша аралығында Астана қаласында мектеп оқушылары арасында өткізілетін жаратылыстану-математика бағытындағы ең беделді білім сайыстарының бірі – XVIII Президенттік олимпиаданың қорытынды республикалық кезеңі ұйымдастырылады. Бұл олимпиада еліміздің интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға, жас таланттарды қолдауға және жаратылыстану ғылымдарын дамытуға бағытталған мемлекеттік маңызы бар жобалардың бірі ретінде танылған. Жыл сайын бұл білім бәйгесіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздік оқушылар іріктеліп, өз білімін сынға салуға мүмкіндік алады.
Олимпиаданың ерекшелігі – тек 11 (12) сынып оқушылары қатысатыны және олардың тапсырмалары халықаралық олимпиадалар деңгейінде дайындалатыны. Осыған орай, республикалық кезеңге жолдама алу – оқушылар үшін үлкен жетістік, мектептердің, педагогтердің жүйелі еңбегінің нәтижесі. Биылғы таңдаудың қорытындысында Шымкент қаласынан 10 талантты оқушы елордадағы олимпиада алаңында білімін шыңдау құрметіне ие болды. Әрқайсысы – өз мектебінің мақтанышы, өз пәнінің үздігі. Республикалық кезеңге жолдама алған шымкенттік оқушылардың тізімі назар аудартпай қоймайды. Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатынан Абдыбек Бақберген мен Манат Дінмұхамед, №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатынан Сәрсенбек Рамазан, М.Тасова атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатынан Мүтәлі Жансерік, М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған үш тілде оқытатын гимназиядан Ақжігіт Айша, №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясынан Мауленов Байназар, З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінен Абдыхалық Мақсат, С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта мектептен Мұрат Аделя, №137 жалпы орта мектептен Боранбай Мирас және Alan International School оқу орнынан Абилдаева Аяулым – барлығы өз білім ордаларында үздік атанып, қиын іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен оқушылар.
Шымкент қаласының бұл жетістігі оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы білімге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Соңғы жылдары қаладағы білім беру ұйымдарында STEM бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Мектептерде пәндік үйірмелер кеңейіп, олимпиадалық дайындық орталықтары өз қызметін жандандыруда. Мұның барлығы дарынды балаларды ерте іріктеу мен қолдауға мүмкіндік береді. Республикалық кезеңге дайындық барысында оқушылар тек мектеп деңгейінде ғана емес, қалалық әдістемелік құрылымдардың да қолдауын сезінді. Мектептердің пән мұғалімдерімен күнделікті және мақсатты түрде жүргізілген дайындық жұмыстары олимпиадашылардың білімін тереңдетуге, логикалық және аналитикалық ойлау қабілетін арттыруға бағытталды. Әр пән мұғалімі оқушының әлсіз және күшті тұстарын саралап, жеке бағдарлама бойынша жұмыс жүргізді. Тәжірибелік есептер, күрделі теориялық тапсырмалар, халықаралық олимпиадалар деңгейіндегі дайындық – мұның барлығы үздік нәтижелерге жетудің алғышарты болды.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастыруымен 6-15 қараша аралығында «EdLight Academy» орталығының олимпиадалық тренерлермен интенсивті онлайн оқу-жаттығу жиыны өтті. Бұл жиын оқушыларға ерекше мүмкіндік сыйлады. Сабақтарды республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жүргізді. Яғни, оқушылар тікелей тәжірибелі тәлімгерлерден кеңес алып, олимпиадалық есептерді шешудің әдістемесімен танысты. Осындай кәсіби тренерлердің қатысуы дайындықтың сапасын еселеп арттырды. Физика, математика, химия және биология пәндері бойынша өткен онлайн сабақтарда қатысушылар күрделі есептерді шешудің тиімді жолдарын меңгерді, теорияны тереңдетіп, практикалық дағдыларын күшейтті. Әсіресе халықаралық деңгейдегі тапсырмаларға бағытталған сессиялар оқушылардың логикалық ойлауын шыңдап, олимпиадалық мәдениетті дамытуға ықпал етті.
Президенттік олимпиада – оқушылардың тек білімін сынайтын жарыс қана емес, олардың ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыратын, жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды бастама. Бұл олимпиадада әрбір тапсырма оқушының логикалық ойлауын, шығармашылығын, пәндік сауаттылығын жан-жақты тексереді. Сондықтан осындай білім сайысында жақсы нәтиже көрсету – кез келген оқушы үшін үлкен мәртебе, ал мұғалімдер үшін – еңбектің жемісі. Осы жылы Шымкент қаласынан іріктелген 10 дарынды оқушының елорда төріне аттануы – қала білімінің деңгейі жоғары екенінің айғағы. Әр мектептің, әр пән мұғалімінің, ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Олимпиадаға қатысушылардың әрқайсысы – өзіндік ұмтылысы, жеке білім жолы, талпынысы бар жастар. Олардың бұл жетістігі жас буынға үлгі болары сөзсіз. Бұл білім бәсекесінен күтілетін нәтиже – жүлде алу ғана емес. Ең бастысы – оқушылардың тәжірибе жинақтауы, республиканың үздік оқушыларымен пікір алмасуы, ғылымға деген құлшынысын арттыруы. Мұндай олимпиадалар Қазақстанның болашақ ғылыми-зерттеу саласының іргетасын қалауға ықпал етеді. Себебі дәл осы жарыстардан кейін көптеген жастар ғылым жолын таңдауға бел буады.
Шымкент қаласының білім саласы соңғы жылдары оқу жетістіктерін ғана емес, жүйелі дайындық, әдістемелік көмек көрсету, дарынды балаларды қолдау бағытында да маңызды қадамдар жасап келеді. Президенттік олимпиадаға дайындық барысында қолданылған тәсілдер, жасалған жағдайлар алдағы уақытта да нәтижелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл дайындық тәжірибесі мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, педагогтердің кәсіби дамуына да оң әсерін тигізеді. Қорыта айтсақ, Астанада өтетін XVIII Президенттік олимпиада – Шымкенттің жас олимпиадашылары үшін үлкен сынақ әрі маңызды мүмкіндік. Қала атынан қатысатын 10 оқушының бойында білімге деген үлкен құлшыныс, жеңіске деген сенім бар. Олардың әрқайсысы өз мектебінің ғана емес, бүкіл қаланың намысын қорғап барады. Бұл сапар олардың өмірінде жарқын белеске айналары сөзсіз.




