ШЫМКЕНТТІК СТУДЕНТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДЫ ЕНШІЛЕДІ

2025 жылғы 24-25 қыркүйек күндері Тараз қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен «Mamandyq Fest» халықаралық байқауы жастардың кәсіби шеберлігін, шығармашылық әлеуетін және еңбекке деген құрметін арттырған маңызды мәдени-білім беру шараларының бірі болды.

Бұл байқау сән технологиясы, киім дизайны, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу бағыттары бойынша білім алушылардың басын қосып, олардың кәсіби дағдыларын көпшілікке танытуға мүмкіндік берді. Шарада Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелдік серіктес оқу орындарынан келген 24 қатысушы бақ сынады. Әр студент өз елінің мәдениетін, ұлттық құндылығын және заманауи сән түсінігін киім арқылы жеткізуге тырысты. «Mamandyq Fest» фестивалі бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі маңызды дәстүрге айналып келеді. Байқаудың басты мақсаты – қоғамда еңбек адамының бейнесін жаңаша қалыптастыру, жастардың кәсіби таңдауға деген ынтасын арттыру және еңбек нарығындағы шебер мамандардың беделін көтеру. Бұл мақсат жастардың еңбекке, шеберлікке және шығармашылық ізденіске деген көзқарасын оң бағытқа өзгертуге негізделген. Аталған додада Шымкент қаласындағы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің» студенті Мухтарқызы Алтынай ерекше өнерімен көзге түсіп, жүлделі орынға ие болды. Ол «Заманауи киімде ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша марапатталды. Алтынайдың жұмысы заманауи сән элементтерін қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен үйлестіріп, ұлттық нақышты бүгінгі күннің сән үрдісімен шебер ұштастыра алғандығымен ерекшеленді.
Алтынай Мухтарқызының жетістігі – жеке табыс қана емес, Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуының көрінісі. Қаланың жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек ететін жас мамандарды даярлауға бағытталған колледждің педагогикалық ұжымы студенттерге тек кәсіби білім ғана емес, шығармашылық еркіндік пен өнерге деген сүйіспеншілікті де дарытып келеді. Бұл байқаудағы нәтиже – ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі және жас дизайнерлердің өз мамандығына деген сүйіспеншілігінің айғағы. «Mamandyq Fest» сынды шаралар жастар арасында еңбек мәдениетін қалыптастырып, техникалық мамандықтардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге үлкен үлес қосуда. Мұндай байқаулардың маңызы – жас таланттарға өз еңбегін көрсетуге, кәсіби тұрғыда шыңдалуға және жаңа идеялармен бөлісуге мүмкіндік беруінде. Сонымен қатар халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы Қазақстанның кәсіби білім беру саласының әлемдік үрдістермен қатар дамып келе жатқанын дәлелдейді. Жалпы алғанда, Таразда өткен бұл байқау ұлттық дәстүр мен заманауи сәннің тоғысқан алаңы болды. Алтынай сияқты жастардың шығармашылық табыстары – еліміздің еңбек адамына деген жаңа көзқарастың қалыптасып келе жатқанының нақты дәлелі. Бұл жетістік жас буынның өз мамандығына деген сенімін арттырып, қоғамның еңбекке деген құрметін нығайта түсетіні сөзсіз.