«БЕРЕКЕЛІ АЛТЫН КҮЗ!» ОНКҮНДІГІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясында «Көркем еңбек» пән бірлестігі 15-26 қыркүйек аралығында «Берекелі алтын күз!» тақырыбында онкүндік өткізді. Бұл іс-шара ұстаздар мен оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, білім беру үрдісінде жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану арқылы заманауи тұлға қалыптастыруға бағытталды. Онкүндіктің басты мақсаты – оқушылардың көркем еңбек саласындағы қабілеттерін дамыта отырып, оларды шығармашылық ойлауға, эстетикалық талғамға және өз еңбегін бағалауға үйрету.

Сонымен қатар цифрландыру дәуірінде білім алушылардың жаңа технологияларды тиімді қолдану арқылы бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау көзделді. Онкүндіктің мазмұны нақты жоспарға сәйкес жүзеге асырылды. Әрбір мұғалім өз тәжірибесін көрсетіп, сабақтарында оқытудың интерактивті әдістерін тиімді пайдаланды. Сабақтарда «Ой қозғау», «Миға шабуыл», «Топтық жұмыс» сияқты әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың белсенділігі мен пәнге қызығушылығы артты. Әсіресе, сабақтың шығармашылық кезеңдерінде оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, жеке және топтық жобалар орындау барысында эстетикалық талғам мен еңбек мәдениетін көрсетті. Онкүндік аясында өткізілген ашық сабақтар ерекше назарға ілікті. 9 «Г» сыныбында Ташкенбаева Роза «Шығармашылық жұмыстарды жасау» тақырыбында сабақ өткізіп, оқушылардың қолөнер бұйымдарын жасау дағдыларын жетілдіруге көңіл бөлді. Ал 9 «Б» сыныбында Дүйсенбаев Ертай «Идеяларды дамытуды талқылау мен нобай орындау. Жұмысты жоспарлау” тақырыбындағы сабағында оқушылар өз жобаларының идеясын талқылап, оны жүзеге асырудың жолдарын үйренді. 5 «З» сыныбымен Исаева Айнұр өткізген «Пейзаж» тақырыбындағы сабақта балалар табиғаттың сұлулығын көркем бейнелеу арқылы эстетикалық сезім мен шығармашылық көзқарас қалыптастырды.
Сыныптан тыс уақытта өткен шеберлік сабақтарында оқушылар түрлі заманауи материалдарды пайдаланып, қолөнер бұйымдарын жасап көрсетті. Олардың жасаған туындылары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырып, шығармашылық қабілеттерін танытты. Бұл іс-шаралар оқушылардың өз еңбегіне деген мақтаныш сезімін оятып, «еңбек арқылы табысқа жету» қағидасын сіңіруге мүмкіндік берді. Пән бірлестігінің онкүндігі тек сабақтармен шектелмей, оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірге деген эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға бағытталды. Мұғалімдердің әдістемелік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырған сабақтары мен шығармашылық көзқарастары оқушылардың өз қабілеттерін ашуына ықпал етті. Онкүндік барысында мұғалімдер де, оқушылар да жоғары белсенділік пен жауапкершілік танытып, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеді. «Берекелі алтын күз!» онкүндігі – көркем еңбек пәнінің тәрбиелік және дамытушылық әлеуетін айқын көрсеткен іс-шара болды. Ол оқушыларды әсемдік пен еңбексүйгіштікке баулып қана қоймай, ұжымдық жұмысқа бейімдеп, эстетикалық мәдениетін жетілдіруге жол ашты. Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы ұстаздарының бұл тәжірибесі – заманауи білім беру үдерісінде шығармашылықты, еңбекқорлықты және цифрлық технологияларды үйлестіре білудің жарқын үлгісі.