2050 ЖЫЛЫ ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН БОЛАТЫН ӨЛІМ 75 ПАЙЫЗҒА АРТУЫ МҮМКІН

2050 жылға қарай қатерлі ісік әлемдік деңгейдегі ең өзекті денсаулық мәселелерінің біріне айналуы мүмкін. Ғалымдардың болжамынша, алдағы 25 жыл ішінде бұл аурудан болатын өлім-жітім 75 пайызға өседі. «The Lancet» медициналық журналында жарияланған зерттеуде 2050 жылы қатерлі ісіктен көз жұматындар саны 18,6 миллионға жететіні айтылған.
Сонымен бірге жыл сайын жаңа тіркелетін жағдайлар көлемі 30,5 миллионға дейін көтеріледі деп күтілуде. Ең күрделі жағдай табысы төмен елдерде тіркелуі мүмкін. Сарапшылардың болжауынша, бұл мемлекеттерде барлық жаңа қатерлі ісік жағдайларының жартысынан астамы және өлім-жітімнің шамамен үштен екісі орын алады. Зерттеу барысында 1990 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңдегі қатерлі ісіктің 47 түрі қарастырылған. Ғалымдар қазіргі кезде онкологиялық өлімнің 40 пайыздан астамы өзгертуге болатын қауіп факторларымен байланысты екенін айтады. Олардың қатарында темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және қандағы қант деңгейінің жоғары болуы бар.
Мамандар ахуалды жақсарту үшін қатерлі ісікті ерте әрі нақты анықтау жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ сапалы емдеуге және қолдаушы күтімге қолжетімділікті арттыру, әсіресе табысы төмен мемлекеттер үшін аса қажет қадам болып отыр.
Ж.БАЛАУСА.




