ИНФЛЯЦИЯНЫҢ БІР ҰШЫ ИМПОРТҚА БАРЫП ТІРЕЛЕДІ

Үкімет қымбатшылықты қалай тежемек?

Қазіргі уақытта Қазақстандағы ең өзекті мәселенің бірі – инфляцияны тежеу. Үкімет деңгейінде өткізілген соңғы кеңесте инфляцияға әсер ететін факторлар талқыланып, баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ұсынылды. Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті. Бұл жиын елдегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың өзекті бағыттарын айқындап қана қоймай, инфляциямен күрестегі жаңа тәсілдерді көрсетуімен маңызды болды десек, артық айтпаған болар едік.

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, тамыз айында жылдық инфляция 12,2 пайызға жетті. Бұл шілде айындағы 11,8 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Инфляцияның географиясына көз жүгіртсек, баға өсімі әсіресе Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында және ірі қалалар – Астана мен Алматыда қатты сезілген. Мұндай аймақтық айырмашылықтар өңірлік экономика құрылымына, логистикалық мүмкіндіктерге және тауар айналымындағы ерекшеліктерге байланысты. Баға өсіміне ең алдымен ақылы қызметтер ықпал еткен. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің 2,9 пайызға көтерілуі, көлік саласындағы 1,7 пайыздық өсім және денсаулық сақтау саласындағы 0,9 пайыздық қымбаттау халықтың күнделікті шығындарын арттырып отыр. Бұл бағыттарда мемлекеттік реттеу мен әлеуметтік қолдаудың қажеттілігі айқын байқалады. Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1 пайызға көтерілгенімен, кейбір тауар түрлерінің арзандауы белгілі бір тепе-теңдік тудырды. Мәселен, газ плиталарының 6,3 пайызға, тоңазытқыштардың 1,5 пайызға арзандауы – нарықтағы ұсыныстың артуымен, бәлкім, сыртқы импорт пен бәсекелестіктің күшеюімен байланысты.
Азық-түлік инфляциясы екінші тоқсаннан бастап баяулап келе жатқаны оң үрдіс саналады. Тамыз айында оның деңгейі небәрі 0,5 пайызды құрады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының төрт апта қатарынан тұрақты болуы алғаш рет олардың индексін 7,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл – нарықты бақылау шараларының белгілі бір нәтижесін көрсететін факт. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік бағасына импорт үлесінің айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Қазақстандағы азық-түлік құрылымының 23-27 пайызы импортқа тәуелді. Сондықтан импортты алмастыру бағдарламаларын күшейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Ішкі өндірісті қолдау арқылы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету ұзақ мерзімді стратегиялық бағытқа айналуы тиіс.
Тамыз айында көкөністер мен күріш арзандап, қант бағасы төмендеген. Бұл нәтижелер өндірушілермен жасалған тұрақты баға келісімдерінің тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ тұз бен күнбағыс майының бағасы баяу өсуде. Мұндай келісімдер әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты құралына айналып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамына сәйкес, биыл картоп өнімі 2,7 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Жылдық қажеттілік 2 миллион тонна екенін ескерсек, бұл – жеткілікті көлем. Осыған байланысты картоп экспортына қойылған шектеу алынып тасталды. Бұл қадам фермерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді, алайда ел ішінде тапшылық тәуекелдерін болдырмау үшін қатаң бақылау жүргізілмек. Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін саладағы ірі өндірушілермен меморандумдар жасасып отыр. Мысалы, картоп пен көкөніс өсірушілер одағымен келісім нәтижесінде ішкі нарық қолжетімді бағамен қамтамасыз етіледі. Яғни қарашада картоп бағасы 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде сақтау шығындарын ескергенде 185 теңгеден аспауы тиіс. Бұдан бөлек, «Арал тұз» компаниясы өнім бағасын 18 пайызға арзандатып, жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы жұмыртқаның шекті бағасын 55 теңге деңгейінде бекітті. Бұл шаралар қарапайым тұтынушыларға әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа бастамалардың бірі – азық-түлік қорларын басқаруда ашықтықты қамтамасыз ететін цифрлық жүйе құру. Сауда және интеграция министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп үш кезеңді жоба әзірлеуде. Алдымен қоймалар дерекқоры жасалып, кейін бейнебақылау жүйесі орнатылып, соңында өндірушіден тұтынушыға дейінгі процестер онлайн қадағаланады. Мұндай цифрлық бақылау нарықтағы алыпсатарлық пен жасырын тапшылықты болдырмауға ықпал етеді. Жалпы алғанда, инфляциямен күрестегі қазіргі тәсіл кешенді сипатқа ие. Ол бағаны әкімшілік жолмен реттеу, өндірушілермен келісімдер жасау, импортты алмастыру бағдарламаларын күшейту және цифрлық бақылау жүйесін енгізуді қамтиды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік қолдау механизмдері де жетілдірілмек. Бұл шаралар халықтың нақты табысын сақтап, әлеуметтік шиеленістің алдын алуға бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстандағы инфляциямен күрес көпвекторлы бағытта жүзеге асуда. Қысқа мерзімде бұл шаралар бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік берсе, ұзақ мерзімде ішкі өндірісті дамыту арқылы импортқа тәуелділікті азайту стратегиялық мақсат болып қала береді.

Қ.МОМЫНХАН.