ҚАЗАҚСТАННЫҢ АСТЫҚ ЭКСПОРТЫ 12,8 МЛН ТОННАҒА ЖЕТТІ

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында Өзбекстанмен және Орталық Азияның өзге де елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өкілдері Ташкентте өткен «Asia Grains & Oils Conference in Tashkent 2025» халықаралық алаңында айтты.
Өзбекстан бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі импортерлерінің бірі саналады. Әсіресе, майлы дақылдарға деген сұраныс артып келеді. Қазақстан биыл көрші елдерге күнбағыс пен басқа да майлы өнімдерді жеткізуді айтарлықтай көбейтті. Бұл бағытта ұлттық астық операторы отандық өндірушілермен бірлесе отырып, өңірлік нарықты тұрақты қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие болып отыр. Әлемдік үрдістерге сәйкес, Қазақстанда да егіс алқаптарының құрылымы қайта қаралып жатыр. Ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемі қысқарып, оның орнына майлы, бұршақ тұқымдас және мал азықтық дақылдар үлесі өсуде. Бұл өндірісті әртараптандыруға және ауыл шаруашылығын 2030 жылға дейінгі даму басымдықтарына сай қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарлама монодақылға тәуелділікті азайтып, күнбағыс, рапс, майлы зығыр, мақсары, жасымық және жем-шөп дақылдарының көлемін арттыруды көздейді.
Қазақстан соңғы жылдары экспорт көлемін айтарлықтай ұлғайтты. 2024-2025 маусымында ұлттық астық операторы шетелге 360 мың тонна өнім жеткізсе, трейдерлер арқылы қосымша 453,3 мың тонна экспортталды. Нәтижесінде компания жалпы республикалық астық экспортындағы үлесін 8,9 пайызға дейін көтерді. Ал ағымдағы жылдың 8 айында Қазақстан дәстүрлі және жаңа нарықтарға шамамен 12,8 млн тонна астық жөнелтті. Конференция барысында Ақмола мен Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астанада іске қосылған астықты терең өңдеу жобалары ерекше қызығушылық тудырды. Бұл жобалар өнім сапасын арттырып қана қоймай, қосылған құны жоғары тауар шығару арқылы экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған.
Қазақстанның аграрлық бағыты тек ұлттық деңгейде емес, өңірлік ауқымда да стратегиялық мәнге ие. Өзбекстанмен және басқа да Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейту – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бастамаларға халықаралық ұйымдар мен шетелдік инвесторлардың қызығушылығы да артқаны байқалады. Қазақстан ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы Орталық Азия аймағында сенімді серіктеске айналып келеді. Өзбекстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайту және жаңа экспорттық бағыттарды игеру еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты тетіктерінің бірі болмақ.
«Уақыт».




