БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ЭКОСАБАҚ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасуы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілікті арттыру тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, әрбір азаматтың санасында жүзеге асуы тиіс. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық ағартушылыққа басымдық беріліп, түрлі бағдарламалар қабылдануда. Солардың бірі – «Таза Қазақстан» жобасы. Бұл бастаманың аясында елдің әр өңірінде, соның ішінде Шымкент қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жуырда қаладағы білім беру мекемелерінде өткен арнайы сабақтар – соның айқын дәлелі. №135 жалпы орта мектептің 4 «б» сыныбында ұйымдастырылған «Таза қала, таза аула, таза үй» тақырыбындағы ашық тәрбие сабағы жас ұрпаққа бағытталған маңызы зор шара болды. Мұнда оқушылар үш топқа бөлініп, қала, аула және үй тазалығының өзара байланысын талдап, мұғалім қойған сауалдарға жауап берді. Сынып жетекшісі Салтанат Салыбекқызы балаларға қоршаған ортаны қорғаудың қажеттілігін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізіп, табиғатқа жанашыр көзқарастың мәнін ашып көрсетті. Сабақ барысында оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, тәжірибелік жұмыстарға да араласты. Олар гүл егу, қоқысты сұрыптау бойынша шағын тәжірибелер жасап, тазалықты сақтауда сахналық қойылым көрсетті. Мұндай әдіс балалардың танымдық көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті күнделікті өмірде қолдануға үйретеді.
Қала деңгейінде экологиялық сана қалыптастыру бағытындағы іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Мектептер мен жоғары оқу орындарында семинарлар, тренингтер, эко-сабақтар және экскурсиялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ал жалпықалалық сенбіліктер тұрғындарды біріктіріп, әркімнің өзінің тұрғылықты жерін таза ұстауға дағдылануына ықпал етуде. Бұл – қоғамдағы ұжымдық жауапкершілікті нығайтудың тиімді жолы. Экологиялық сауаттылықты арттыру, ең алдымен, өскелең ұрпаққа бағытталуы орынды. Себебі табиғатты қорғауға дағдыланған бала болашақта өзінің жеке өмірінде де, кәсіби ісінде де қоршаған ортаны аялауға мән береді. Осындай сабақтар олардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараның маңызы зор. Ол жас буынға экологиялық білім берудің тиімді үлгісі ретінде қарастыруға әбден лайық. Қоғамдық санада табиғатты қорғау – тек мемлекеттік құрылымдардың емес, әрбір азаматтың міндеті екені орнықса, еліміздің экологиялық жағдайы жақсара түсетіні сөзсіз.




