ҚАРА ЖОЛДАҒЫ ҚАСІРЕТ АЗАЙМАЙ ТҰР

Жыл басынан бері Қазақстанда жол-көлік апаттарының саны күрт өсіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, алты айда 15 698 апат тіркеліп, 22 мыңнан астам адам жарақат алды, 1 466 азамат қаза тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға артық. Депутат Ерлан Сайыров бұл мәселені Мәжіліс отырысында көтеріп, жолдағы жағдайды «бейбіт күндегі қасірет» деп атады.
Сарапшылардың айтуынша, апаттардың үштен бірі жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруы, рулде ұйықтап кетуі және қарсы жолаққа шығып кетуінен орын алады. Әсіресе, қалааралық такси қызметінде жұмыс істейтін жастардың тәулігіне бірнеше рейс жасауы, демалыссыз жүруі үлкен қауіп төндіруде. Көбі шаршаған күйінде жолға шығып, сергітетін сусындарға сүйеніп, әсері басылған соң көлікті басқара алмай қалады. Қалааралық тасымалдауда кеңінен қолданылып жүрген оң рульді «Toyota Alphard» көліктері де қауіптің бір себебі болып отыр. Бұл көліктің ерекшелігі – басып озу кезінде қарсы бағыттағы көлікті көруге кедергі жасайды. Соның салдарынан шілде айының екі күнінде Жамбыл және Алматы облыстарында екі ірі апат болып, он адам қаза тауып, төртеуі жараланды.
Осы тұста АҚШ тәжірибесін мысалға келтірейік. Онда такси жүргізушілері қатаң тексерістен өтеді. Яғни денсаулығы, соттылығы, жүргізушілік біліктілігі және еңбек-тынығу режимі толық бақыланады. Жол ережесін бұзған жағдайда жүргізушінің «Uber» жүйесіндегі аккаунты екі жылға жабылады. Мұндай шаралар жолаушылар қауіпсіздігін күшейтеді. Осы орайда, Ерлан Сайыров елімізде де қатаң шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның ішінде жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді жүйеден шектеуі, оң рульді және екі есікті көліктерді қалааралық тасымалдауға шығармау, әрбір рейстен бұрын міндетті техникалық және медициналық бақылау енгізу және сервистердің көліктердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің біліктілігін тұрақты тексеру бар. Жалпы Қазақстандағы жол апаттарының статистикасы алаңдатарлық. Бұл – тек полицияның немесе жеке жүргізушілердің емес, тұтас жүйенің мәселесі. Жолаушылар қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамалық және ұйымдастырушылық деңгейде батыл қадамдар жасалуы қажет. Әйтпесе, жолдағы қасірет жылдан жылға арта бермек.
О.ҚАСЫМ.




