ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУДЕ

Түркістан облысы соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі қадамдар жасап келеді. Өңірдің әлеуеті, географиялық орналасуы және еңбек ресурстары бұл аймақты Қазақстандағы ең перспективалы өндірістік орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі, әсіресе, өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл бағыттағы бастамалар өңірді импортқа тәуелділіктен арылтып қана қоймай, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді қалыптастыруға жол ашады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Әкім шетелдік инвесторлармен кездесулер өткізіп, Түркістанды өндіріс орындарын орналастыру үшін қолайлы аймақ ретінде таныстыруда. Оның айтуынша, аймақта кәсіп ашқан инвесторлар тек жергілікті нарықпен шектелмей, Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес мемлекеттің нарығына тікелей шыға алады. Сонымен қатар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің өтуі өңірдің жаһандық сауда желісіне интеграциялануына зор мүмкіндік бермек. Өңір басшысының айтуынша, қазіргі таңда тұрмыстық және кеңсе тауарларын өндірушілер Түркістанды жаңа кәсіп ашу орны ретінде таңдап отыр. Жоспарланған өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам өнім өндіруге қабілетті. Бұл жоба жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан үлкен серпіліс әкелмек. Ең маңыздысы, бұл саладағы импорт үлесі 80 пайыздан асып отыр. Демек жаңа өндірістердің іске қосылуы отандық үлесті арттырып, Қазақстанның ішкі нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Қағаз өндірісі саласындағы жобалардың орны ерекше. Толық циклді өндірісті жолға қою жоспары шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бұл тәсіл тек импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, сонымен қатар өндірістік тізбектің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мұндай өндірістердің артықшылығы – өнімнің өзіндік құнын төмендету, сапаны бақылау және жергілікті кәсіпорындарды шикізатпен қамту мүмкіндігі. Инвесторлардың қызығушылығы тек қағаз өндірісімен шектеліп отырған жоқ. Құрылыс материалдары өндірісі, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандар, өнеркәсіптік жабдықтар жасау салалары да ерекше назарда. Бұл бағыттағы жобалар өңірдегі өнеркәсіптік кластерді кеңейтіп қана қоймай, әртараптандырылған өндірістік база қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жұмыс орындарының саны артып, еңбек өнімділігі мен өндірістік сапа жоғарылайды. Облыс әкімінің пікірінше, инвесторлармен ашық әрі сенімді байланыс орнату аса маңызды. Осы мақсатта әкімдік тарапынан салықтық жеңілдіктер қарастырылып, экспорт және логистика бағытында жан-жақты қолдау көрсетілмек. Сонымен бірге, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда дайын инфрақұрылым ұсынылады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы инвесторлар үшін ең тиімді алаңдардың бірі саналады. Мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, өндірістік ғимараттар және қажетті қолдау пакеттері жасақталған.




