ЖЕТІСАЙДА ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Соның ішінде балық шаруашылығы өңір экономикасында жаңа серпін беретін салалардың бірі болып отыр. Бүгінде облыс жасанды тоғандар мен су нысандарында тауарлы балық өсіру ісінде еліміз бойынша көш бастап тұр. Әсіресе Жетісай ауданында соңғы жылдары бұл кәсіпке бет бұрғандардың қатары артып келеді.

Ауданға қарасты Атамекен ауылдық округінің тұрғыны Айман Базарова – соның айқын мысалы. Жеке кәсіпкер биылғы мамыр айында өз қаражаты есебінен Шардара ауданынан 30 мың дана шабақ сатып алған. Дөңмаңдай, амур және сазан сынды балық түрлері бүгінде үш гектар аумақты, екі метр тереңдікті құрайтын жасанды тоғандарда өсірілуде. Алты айдың ішінде балықтардың орташа салмағы бір келіге жеткен. Бұл – тауарлы балық өсірудің тиімділігін көрсететін нақты нәтиже. Кәсіпкер қараша айында алғашқы өнімді саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Ең қуаныштысы – балықтарға деген сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Бүгінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тапсырыстар түсіп жатыр. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов кәсіпкердің жұмысымен арнайы танысып, бұл істің болашағы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан балық шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, балыққа арналған жем мемлекет есебінен субсидияланады. Бұдан бөлек, тауарлы балық өсіруші шаруашылықтарға техника мен қажетті жабдықтарды сатып алу үшін қомақты қолдаулар ұсынылады. Бұл шаралар кәсіпкерлердің шығындарын азайтып қана қоймай, жаңа кәсіптің дамуына да жол ашады.
Айман Базарова мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жайлы толық ақпарат алып, алдағы уақытта балық шаруашылығының ауқымын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Ол балық асырайтын тоғандардың көлемін ұлғайтуды және мемлекеттен жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр. Мұндай бастамалар ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындардың табыс көзін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Жалпы алғанда, Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауындағы стратегиялық бағыттардың бірі. Президент бұл салада нақты тапсырмалар беріп, Үкіметке жүйелі бағдарламалар әзірлеуді міндеттеген болатын. Соның нәтижесінде соңғы жылдары түрлі өңірлерде, соның ішінде Түркістан облысында балық шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі басталды. Жетісай ауданында ғана қазірдің өзінде балық өсірумен айналысатын оннан астам шаруашылық жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта еселеп артуы ықтимал. Тауарлы балық шаруашылығының маңызы бірнеше тұрғыдан ерекше. Біріншіден, бұл — ауыл шаруашылығының дәстүрлі бағыттарына қосымша табыс көзі. Екіншіден, балық еті – халқымыздың тамақтану рационында маңызды орын алатын экологиялық таза әрі құнды өнім. Үшіншіден, бұл сала экспорттық әлеуетке де ие. Қазақстанның географиялық артықшылықтарын ескерсек, өңірде өндірілген балық өнімдерін ішкі нарықпен қатар шетелдік тұтынушыларға ұсынуға толық мүмкіндік бар.