БАЙЛАР МЕН КЕДЕЙЛЕРДІҢ АРАСЫ АЛШАҚТАП БАРАДЫ

көрсеткіштер нені меңзейді?

Қазақстандағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі соңғы жылдары айқын байқала бастады. Ranking деректеріне сүйенсек, халықтың ең бай 10 пайызы мен ең кедей 10 пайызының табысы арасындағы айырмашылық 2019-2023 жылдары 5,9-6 есе деңгейінде болса, 2023 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 6,2 есеге ұлғайған. Бұл құбылыс елдегі кірістердің теңсіз бөлінуі тереңдеп бара жатқанын көрсетеді.

Жалпы кірістер құрылымын талдағанда, қоғамдағы аз ғана топтың үлесі өте жоғары екені анықталады. Ауқатты 10 пайыз азамат елдегі барлық табыстың төрттен біріне жуығын немесе 24,1 пайызын иеленіп отыр. Бұл көрсеткіш кірістердің әділетсіз бөлініп жатқанын айғақтайды және әлеуметтік саясаттың тиімділігін қайта қарастыру қажеттігін алға тартады. Еңбекақы деңгейі бойынша да айырмашылық өте үлкен. 2023 жылы еңбегі үшін 1 миллион теңгеден жоғары табыс алғандар небәрі 112,1 мың адамды құрады. Алайда ең төменгі еңбекақы алатындар саны бұдан бес есе артық. Халықтың басым бөлігі орташа табыстан төмен деңгейде күн көруде. Мәселен, қызметкерлердің 23,9 пайызы 100–200 мың теңге аралығында, тағы 23,2 пайызы 200–300 мың теңге аралығында жалақы алады.
Салалар бойынша қарасақ, жоғары табысты қызметкерлер негізінен қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсету секторларында шоғырланған. Бұл бағыттардың ел экономикасындағы жоғары табысты салалар екені байқалады. Ал мемлекеттік қызметте 1 миллионнан жоғары жалақы алатындардың үлесі небәрі 0,7 пайыз болып отыр. Керісінше, төмен жалақы алушылар көбіне әкімшілік-қосалқы қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Өңірлік тұрғыдан алғанда, жоғары табысты қызметкерлердің ең көбі мұнайлы аймақтарға тиесілі. Маңғыстау облысында – 14,5 пайыз, Атырау облысында – 11,5 пайыз қызметкерлердің айлығы 1 миллион теңгеден жоғары. Бұл өңірлердің экономикасы мұнай-газ секторымен тікелей байланысты екенін ескерсек, табыстың осылайша бөлінуі заңды құбылыс. Алматы мен Астана қалаларында да жоғары жалақылы қызметкерлер айтарлықтай үлеске ие. Ал керісінше, ең төмен жалақы алатын азаматтардың көбі Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында.
Бір қызығы, ең ауқатты 10 пайыздың ішінде орта таптың үлесі көп болғандықтан, олардың шығыны аз қамтылғандардан аса қатты ерекшеленбейді. Мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында екі топ та тұтынушылық шығындарының көп бөлігін азық-түлікке жұмсаған. Аз қамтылған отбасылар өз бюджетінің 60,6 пайызын тамаққа жаратса, ал ең ауқатты 10 пайыз адам бұл мақсатқа 51,7 пайызын жұмсаған. Ал өмір сүру деңгейі әлдеқайда жоғары Еуропа елдерінде азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі небәрі 8-12 пайызды құрайды.
Мұны тағы да ішінара тарқатуға болады. Мәселен, ауқатты адамдар көбінесе кафе мен мейрамханаларда тамақтанып, тұтынушылық шығындарының 3,4 пайызын осы мақсатқа жұмсайды. Ал аз қамтылғандар мұндай игіліктің қызығын көп көре алмайды. Олар дайын тағамға тек 0,8 пайыз бюджетін жұмсайды. Сондай-ақ ауқатты адамдар алкогольге қаражатының 0,9 пайызын жұмсаса, ал аз қамтылған жандарда бұл көрсеткіш 0,2 пайызды құрайды. Екі топта да ақылы қызметтерге кететін шығын үлесі шамамен бірдей. Яғни кедейлерде — 20,7 пайыз, ауқаттыларда — 21,8 пайыз. Алайда ауқаттыларда кредитке байланысты ауыртпалық әлдеқайда жоғары.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы кірістердің бөлінісі қоғамдағы әлеуметтік айырмашылықтың ушығып бара жатқанын байқатады. Жоғары табысқа қол жеткізгендер азшылықта қалып, халықтың басым бөлігі орташа немесе төмен жалақымен шектелуде. Бұл жағдай әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған жаңа экономикалық және әлеуметтік саясатты қажет етеді. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы мен әкімшілік қызметтердегі еңбектің құнын қайта қарау, еңбек өнімділігін арттыру, жаңа салаларда жұмыс орындарын құру – табысты әділ бөлудің басты шарттарының бірі болмақ.