ҚАЗАҚСТАНДА НӘРЕСТЕ ӨЛІМІ 22,7 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕГЕН

Қазақстан Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты биылғы жылы нақты нәтижелермен толықты. Премьер-Министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіру, денсаулық сақтау саласын дамыту және өңірлердегі өмір сапасын арттыру бойынша бірқатар көрсеткіштер мен жоспарларды жариялады.
Алдымен денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді атап өту қажет. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында нәресте өлімі 22,7 пайызға төмендегені – жүйелі реформалардың нақты нәтижесі. Өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жыл 4 айға жетіп, 2029 жылға дейінгі межеленген 77 жасқа жақындап келе жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш Қазақстан халқының денсаулығына мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың тиімділігін айғақтайды. Сонымен бірге «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 медициналық нысанның 540-ы пайдалануға беріліп, 1 миллионға жуық ауыл тұрғынына қолжетімді медициналық көмек көрсетілу мүмкіндігі жасалды. Инфрақұрылымды дамыту да басты назарда. Үкімет басшысының айтуынша, биыл елді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары аяқталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 147 млрд теңге, ал Арнаулы мемлекеттік қордан 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін 17 қала мен 463 ауыл таза ауыз сумен қамтылмақ. Мұндай қадам ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын едәуір жақсартып, урбанизация процесін теңгерімді етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы ерекше мәнге ие. Аталған бағдарлама аясында 25 мың жоба қаржыландырылып, 30 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, жастардың ауылда қалуына ықпал ететін маңызды бастама болмақ. Ал 2026 жылға қарай өңірлерді қолдауға 5,4 трлн теңге бағытталуы ел дамуының стратегиялық жоспарының кең ауқымдылығын көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдау саласында да нақты нәтижелер бар. «Бәйтерек» холдингі 2025 жылдың басынан бері кәсіпкерлерге 4 трлн теңгеден астам қаржылық қолдау көрсеткен. Оның 2 трлн теңгесі шағын және орта бизнеске, 1,5 трлн теңгеден астамы ірі кәсіпорындарға бағытталып отыр. Бұл шаралар ел экономикасының әртараптануына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етпек.
Жалпы алғанда, Үкіметтің әлеуметтік сала мен өңірлерді дамытудағы қадамдары Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына сай келеді. Денсаулық сақтау, таза ауыз су, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыс орындарын ашу сынды бағыттар елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімінің негізгі тірегіне айналуда. Бұл бастамалардың жүзеге асуы халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, Қазақстанды аймақтағы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты мемлекеттердің қатарына жақындатады.




