ТАМЫЗДА 160 МЫҢҒА ЖУЫҚ АВТОКӨЛІК ТІРКЕЛГЕН

салада назар аударарлық мәселе де аз емес…

Қазақстандағы автокөлік нарығы соңғы жылдары айтарлықтай қарқынмен өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы тамыз айында елде 159,5 мың автокөлік тіркелген. Оның ішінде 15,2 пайызы алғаш рет есепке қойылған көліктер. Бұл көрсеткіш халықтың көлікке деген сұранысы әлі де жоғары екенін аңғартады.

Аймақтар бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – бір айда мұнда 20,7 мың көлік тіркелген. Одан кейінгі орындарда 15,6 мың көлікпен Алматы облысы және 14,5 мың көлікпен Астана қаласы орналасқан. Бұл үш өңірдің алдыңғы қатардан көрінуі заңдылық. Өйткені халық саны көп әрі экономикалық белсенділік жоғары аймақтарда көлік қозғалысы да айтарлықтай жоғары. Статистика бір қызықты жайтты көрсетіп отыр. Тіркелген көліктердің 59,7 пайызының шыққанына 10 жылдан асқан. Демек автопарктің айтарлықтай бөлігі ескі көліктерден тұрады. Бұл — экологиялық жағдайға да, жол қауіпсіздігіне де әсер ететін фактор. Сонымен бірге қозғалтқыш көлемі бойынша 1 500-2 000 см³ аралығындағы көліктердің үлесі ең жоғары – 36,3 пайыз. Бұл — қазақстандық жүргізушілердің орта деңгейлі, жанармай шығыны салыстырмалы түрде үнемді көліктерді көбірек таңдауының айғағы.
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдегі жалпы автопарк 6,8 миллионға жуықтап отыр. Бұл бір жыл ішінде 21,6 пайызға өсім барын көрсетеді. Мұндай серпін автокөлік импортының артуымен, сонымен қатар ішкі нарықтағы қолжетімді ұсыныстардың көбеюімен түсіндіріледі. Өңірлік тұрғыда Алматы қаласы мен Алматы облысы автокөліктердің ең көп шоғырланған аймақтары болып отыр. Бұл екі өңірде ел автопаркінің шамамен төрттен бірі шоғырланған. Жол инфрақұрылымына түсетін салмақты да осы деректерден көруге болады. Тағы бір маңызды көрсеткіш – көліктердің иелік құрылымы. Бүгінде тіркелген автокөліктердің 91,9 пайызы жеке тұлғалардың иелігінде болса, небәрі 8,1 пайызы ғана заңды тұлғаларға тиесілі. Бұл қазақстандықтардың көлікке жеке тұтыну құралы ретінде қарайтынын көрсетеді. Жалпы алғанда, автопарктің жылдам өсуі бір жағынан елдегі халықтың төлем қабілетінің барын білдірсе, екінші жағынан, экология мен жол қауіпсіздігі саласындағы мәселелерді күрделендіре түсуі мүмкін. Сондықтан жаңа автокөліктерді сатуды ынталандыру, экологиялық талаптарды күшейту және қоғамдық көлік жүйесін дамыту күн тәртібінде тұра бермек.

Ж.БАЛАУСА.