ШЫМКЕНТ – ИНВЕСТИЦИЯ МЕН ИННОВАЦИЯ ТОҒЫСҚАН ШАҺАР

Сыздықбековтың стратегиясы – сындарлы дипломатия, сенімді қадам
Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі ғана емес, аймақтық даму мен инвестициялық тартымдылықтың орталығына айналып келе жатқан қала. Соңғы жылдары бұл шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсімге қол жеткізуде. Мұндай қарқын, ең алдымен, мемлекеттік саясаттың дұрыс жүзеге асырылуы мен жергілікті басшылықтың іскерлік қабілетінің нәтижесі екені анық. Әсіресе, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың басшылығымен қолға алынған кешенді бастамалар Шымкенттің даму жоспарын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Қалың оқырманның жадында болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында «Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы қажет» деп атап өтті. Президенттің бұл сөзі инвестициялық саясатты жаңа қырынан қарастыруды міндеттейді. Осы орайда, Шымкент қаласы аталған бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында қалаға 233 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайыздық жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл – әкімдік тарапынан жасалған жүйелі жұмыстардың, ашық диалог пен инвесторларға көрсетілген қолдаудың айқын дәлелі.
Ел Үкіметі бекіткен жоспарға сәйкес, 2025 жылы Шымкентке 1 трлн 54 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл ауқымды міндетті жүзеге асыру үшін бес жылдық кезеңге арнайы пул әзірленген. 2025-2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінде 112 кәсіпорын ашу көзделіп, оған 406 млрд теңге инвестиция бағытталмақ. Соның нәтижесінде 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Мұндай стратегиялық жобаларды іске асыру – қаланың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін фактор. Биылдың өзінде өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 73 млрд теңгені құрайтын 22 кәсіпорын іске қосылады. Бұл бастамалар 1,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2025 жылдың наурыз айында «QazAlPack» ЖШС-нің алюминий қаптамасын өндіретін зауыты пайдалануға берілді. Мұндай өндірістік нысандар қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтуде. Жобалардың жүзеге асырылуы өнеркәсіп өнімін 50 млрд теңгеге ұлғайтуға және экспорт көлемін 18 млн АҚШ долларына жеткізуге жол ашады.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – әкімдік жұмысының негізгі бағыты. Өнеркәсіптік алаңдарда инфрақұрылымы дайын жер телімдері ұзақ мерзімге жалға ұсынылады. Коммуналдық қызметтер төмендетілген тарифпен көрсетіліп, арнайы экономикалық аймақ кәсіпкерлеріне салықтық жеңілдіктер беріледі. Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын 7 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұр. Оның ішінде аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» және 132 гектарлық «Бозарық» индустриалды аймақтары 2024 жылы пайдалануға берілген болатын. Бұл өндірістік алаңдар Шымкенттің инвестициялық картасында жаңа мүмкіндіктер есігін айқара ашты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың іскерлігі инвесторлармен сындарлы диалог орната білуінен де айқын көрінеді. Қалада көпдеңгейлі инфрақұрылым қалыптасып, келісімшарттарға қол жеткізу процесі жеңілдетілген. Әкімдіктің бастамасымен құрылған «Shymkent Invest – Front office» орталығы инвесторлар үшін сенімді серіктеске айналды. Бұл орталық қаланың инвестициялық имиджін нығайтып қана қоймай, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігі де – әкімдік назарындағы маңызды бағыттардың бірі. Президент Жолдауында Үкіметтің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде импортқа тәуелділікті азайту қажеттігін атап өткен болатын. Осы орайда, Шымкент қаласында «Бозарық» индустриялық аймағында түркиялық «Alarko Holding» компаниясының жылыжай кешені салынуда. Инвестициялық құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын, жалпы аумағы 650 гектарлық бұл кешен қызанақ өсіруге бағытталған. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 155 мың тонна өнім өндіріліп, 5 мыңға дейін жұмыс орны ашылады. Бұл – қала экономикасына серпін беретін ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауқымды жоба. Жылыжай кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылғанда 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар жоба аясында жылыжай салуға қажетті конструкциялар шығаратын зауыт салу және халықаралық деңгейде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын академия құру жоспарланып отыр. Мұның барлығы – әкімнің стратегиялық ойлау қабілетінің, жаңа технологияларды енгізуге деген ұмтылысының нәтижесі.
Туризм саласын дамыту да шаһар басшысының басты назарында. Халықаралық Шымкент әуежайынан Мажарстан, Германия, Корея, Қытай және Египет елдерінің жеті қаласына тікелей әуе рейстері ашылды. Алғашқы сапарлар Мюнхен мен Будапештке бағытталды. Бұл қадам Шымкенттің халықаралық туризм картасындағы орнын нығайтып, шетелдік туристер легін арттыруға септігін тигізуде. Бұл ғана емес, инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыруға кірісті. Жоба аясында дрондарды пайдалану, экологиялық ахуалды бақылау, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету жүйелері енгізілуде. «Smart city» қағидаттарының тиімді енгізілуі мемлекеттік басқарудың жаңа деңгейін қалыптастыруда. Мәселен, 2022 жылы «Ақпараттық технологияларды қолдану» көрсеткіші 46 пайызды құраса, былтырғы жылы 85 пайызға жеткен. Бұл – айтарлықтай өсім.
Білім беру саласында да жаңа технологиялар енгізілуде. Мәселен, №65 мектеп-гимназиясында «Alaqan» биометриялық жүйесі іске қосылып, оқушылардың 99 пайызы тіркелді. Бұл жүйе мектепке кіру, шығу және тамақтану процесін автоматтандырып, бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Экология саласында да цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Қоқыс алаңдарында QR-код жүйесі енгізіліп, тұрғындардың белсенділігі артып отыр. Медицина саласында №2 қалалық емханада «HR-process» жүйесі енгізіліп, кадрлық құжат айналымы автоматтандырылды. «Қуатжылуорталық-3» мекемесіндегі «Цифрлық комплаенс ассистент» жүйесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталды. Бұл бастамалар мемлекет басшысы атап айтып, айрықша сөз еткен цифрландыру һәм жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу ұсынысымен үндеседі. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта қала басшысы шаһарға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы ат басын тұрып, бұқарамен жүздесіп жатыр. Онда айтылған әр мәселе хаттамаға қондырылып, орындалуы бақылауға алынған. Кей тұрғындар қаузаған түйткілдер тап сол жерде шешімін тауып жатқаны да қуантады. Анығы сол, бұрындары көпшілік жиі көтеретін жол, жарық, көгілдір отынмен қамту сынды инфрақұрылымдық мәселелердің дені Шымкентте шешімін тапқан. Жарықтандыру жұмыстары да белсенді жүргізілді. Бұрындары таяқ тастам жер көрінбейтін қараңғы көшелер бұл күндері жап-жарық, қауіпсіз көшеге айналған. Қоғамдық көлік қызметі де реттелді. Бір сөзбен айтқанда, шырайлы шаһардың келбеті күн санап көрікті бола түсуде.
Жалпы Шымкенттің бүгіні мен болашағы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың іскерлік қабілетімен тікелей байланысты. Оның басқару стилі ашықтыққа, инновацияға, нәтижеге негізделген. Инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығы мен туризмді өркендету, цифрлық технологияларды енгізу бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар – әкімнің стратегиялық көзқарасы мен көшбасшылық қасиетінің айқын айғағы. Шымкенттің даму қарқыны соңғы жылдары жаңа белеске көтерілді. Мұны тұрғындар да жиі айтып, алғысын білдіруінен де байқауға болады. Қош, атқарылған іс аз емес. Жоспар да жеткілікті. Ең бастысы, бұқара «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының игілін іс жүзінде көріп отыр. Осының өзі жергілікті деңгейде жүзеге асып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін айғақтайды деп сенеміз!
Қ.МОМЫНХАН.




