ҚАЗАҚСТАНДА 11,6 МЛН ТОННА АСТЫҚ ЖИНАЛДЫ

Қазақстанда егін жинау науқаны қарқынды жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың жалпы егіс көлемі 16 млн гектардан асады. Қазіргі таңда оның 48,3 пайызы жиналып, шамамен 11,6 млн тонна астық бастырылған. Бұл көрсеткіш егін орағының ұйымдасқан түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады.

Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері картоп, көкөніс және майлы дақылдардан да мол өнім алуда. Мәселен, 293 мың тонна майлы дақыл, 1,2 млн тонна картоп және 2,4 млн тоннадан астам көкөніс жиналды. Өнімділік те жаман емес, картоп – гектарына 234 центнер, көкөніс – 288,8 центнер деңгейінде. Көкөніс түрлері бойынша да нәтижелер көңіл қуантарлық. Қырыққабаттан 385 мың тоннадан астам, пияздан – 637 мың тонна, сәбізден – 187,2 мың тонна өнім алынған. Мұндай көрсеткіштер елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер етпек.
Жалпы алғанда, биылғы егін орағы ауыл шаруашылығының әлеуетін айқындап отыр. Астық қорының көлемі ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті, ал көкөніс пен картоп бойынша өнімділіктің артуы бағаны тұрақтандыруға сеп болуы ықтимал.

«Уақыт».