МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АРНАҒАН ЖОЛДАУЫН ЖАРИЯЛАДЫ

маңызды құжатта қандай бағыттарға басымдық берілген?

2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдауда елдің даму стратегиясының жаңа кезеңдері, соның ішінде мемлекеттік басқаруды жетілдіру, цифрландыруды жеделдету және саяси жүйені жаңғырту мәселелері қамтылды. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған маңызды құжатта қамтылған бастамалар мен мәселелер жайын тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі ойлары бүгінгі халықаралық жағдайдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді. Жолдаудағы басты идея – әлемде қалыптасып отырған жаңа геосаяси тәртіптің ерекшеліктерін саралап, Қазақстанның даму бағытын айқындау қажеттілігі. Мемлекет басшысы ең алдымен жаһандық ахуалға назар аударып отыр. Соңғы жылдары халықаралық қатынастардағы шиеленістер, алпауыт мемлекеттердің бақталастығы, озбырлық пен күш көрсету саясаты жаңа деңгейге шыққаны байқалады. Бұл жағдай тек қана саяси тұрақсыздық тудырып қоймайды, сонымен бірге экономикалық және әлеуметтік салада теңсіздіктерді күшейтеді. Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы алдыңғы қатарлы мемлекеттер мен артта қалып қойған елдердің арасындағы алшақтық – әлемдік даму қарқынының әркелкілігін көрсететін басты фактор.

Президент атап өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының әлсіреген рөлі де — аса маңызды мәселе. Бұл халықаралық құқық пен әділеттіліктің қадірі төмендеп бара жатқанын аңғартады. Мұндай жағдайда орташа және шағын мемлекеттер өз ұлттық қауіпсіздігі мен дамуы үшін жаңа жолдар іздеуге мәжбүр. Қазақстан үшін бұл – дербес шешім қабылдау қабілетін арттыру, ішкі тұрақтылықты сақтау және сыртқы саясатта теңгерімді бағыт ұстану қажеттілігін білдіреді. Сонымен бірге Жолдаудағы экологиялық және техногендік апаттарға қатысты ескертулер Қазақстан үшін де өзекті. Әлемдік климаттың өзгеруі, трансшекаралық экологиялық проблемалар, табиғи апаттардың жиілеуі – еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін факторлар. Мұндай жағдайда инновациялық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдану арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру маңызды болмақ. Жолдауда айтылған мәдени және рухани қауіптер де назар аударарлық. Ұлттық мәдениеттің құндылықтары мен дәстүрін әлсіретуге бағытталған жаһандық деструктивті үрдістерден қорғану – мемлекет пен қоғам үшін стратегиялық міндет. Бұл тұрғыда цифрлық дәуірдегі мәдени саясат, қазақ тілінің әлеуетін арттыру, ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері айрықша мәнге ие. Президент босқындар дағдарысы, адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі айналымы секілді қазіргі заманғы трансұлттық қылмыстарды да атап өтті. Мұның барлығы Қазақстанның қауіпсіздігіне жанама түрде ықпал етуі мүмкін. Сол себепті, цифрлық бақылау тетіктерін күшейту, құқық қорғау органдарының заманауи технологиялармен жабдықталуы және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту күн тәртібінде болуы тиіс. Жолдаудағы ең өзекті тұстардың бірі – жасанды интеллектіні қауіпті мақсатта пайдалану қатері. Бұл мәселеге тоқталу арқылы Президент технологиялық прогрестің тек мүмкіндіктер әкелмей, сонымен бірге жаңа қауіп-қатерлер туындататынын ескертті. Сондықтан Қазақстан үшін цифрлық егемендік, деректердің қауіпсіздігі, жасанды интеллектіні этикалық әрі қауіпсіз тұрғыдан пайдалану стратегиялық маңызға ие.

Мемлекет басшысы Жолдауда бірнеше маңызды міндетке тоқталып өтті. Әуелі Президент Жолдауда инвестиция саясатының жаңа кезеңін бастау қажеттігін нақты атап өтті. Бұған дейінгі тәжірибе көбіне шикізат салаларына бағытталған болса, ендігі басты мақсат – өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологияларға көбірек қаражат тарту. Бұл қадам Қазақстан экономикасының әртараптандырылуына, ұзақ мерзімді тұрақтылығына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ірі инвесторлармен ғана емес, орта және шағын бизнес өкілдерімен де жүйелі байланыс орнатудың маңызын айтты. Инвестициялық жүйедегі қағазбастылық пен құзыреттердің қайталануы тәрізді кедергілерді жою үшін үйлестіру тікелей Премьер-министрге жүктелуі – басқару тиімділігін арттыруға бағытталған шешім. Сонымен қатар заңсыз активтерді қайтару тәжірибесін инвесторлардың құқығын қорғауға арнау – сенімді бизнес ахуал қалыптастыруға ықпал ететін маңызды ұсыныс. Қайтарылған қаражаттың әлеуметтік нысандарға жұмсалуы – әділетті экономиканың көрінісі. Жалпы алғанда, бұл бағыт Қазақстанның инвестициялық саясатын түбегейлі жаңғыртуға, технологиялық даму мен инновацияға жол ашуға арналған нақты мақсаттарды қамтиды.

Жолдаудағы екінші бағыты – өңдеу өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеру. Соңғы жылдардағы өсім мен жаңа өндірістердің ашылуы оң нәтиже бергенімен, бұл жеткіліксіз екені айтылды. Ендігі міндет – терең өңдеуді күшейтіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды жүйелі түрде жолға қою. Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясы мен сирек кездесетін металдар саласын ерекше атап өтті. Бұл бағыт Қазақстанға әлемдік нарықта өз орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ газ-химия жобалары, ілеспе газды тиімді пайдалану және энергия қауіпсіздігі мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Энергетикалық тұрақтылық үшін атом электр станцияларын салу бастамасы стратегиялық шешім ретінде ұсынылды. Сонымен бірге жасыл энергия үлесін арттыру, көмір энергетикасын экологиялық тұрғыдан жаңғырту да маңызды бағыттар саналады. Президент геологиялық барлауды цифрландыруды, жасанды интеллектіні енгізуді және заманауи зертханалар ашуды тапсырды. Бұл қадамдар елдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға, жаңа индустриялық жобаларды жүзеге асыруға негіз болады. Жалпы, бұл бөлім Қазақстанды шикізаттық емес, жоғары технологиялы әрі тұрақты экономикаға бағыттайтын нақты іс-шараларды қамтиды.

Президент үшінші бағыты ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге арналды. Соңғы жылдары мемлекеттен ауқымды қолдау көрсетілгенімен, агроөнеркәсіп әлеуетін толық ашу үшін қаражатты тиімді пайдалану мен нақты жоспар қажет екені атап өтілді. Мемлекет басшысы агрокәсіпорындардың үздік тәжірибесін кеңінен таратып, өндірісті цифрландыруға басымдық беруді ұсынды. Әсіресе, агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу – ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға негіз болмақ. Мал шаруашылығы мен аграрлық экспорттың әлеуетін күшейту, азық-түлік нарығындағы импортқа тәуелділікті азайту – стратегиялық міндет ретінде қойылды. Сондай-ақ ұлттық өнімдерді сыртқы нарыққа шығару үшін сапа стандарттары мен маркетинг стратегиясы қажет екені айтылды. Президент жер мәселесіне де тоқталып, игерілмей жатқан және заңсыз алынған жерлерді мемлекетке қайтарып, оларды шын мәнінде еңбек етіп, қадірін білетін азаматтарға беру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыт ауыл шаруашылығын заманауи технологиялар мен әдістерге сүйеніп дамытуды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және ауылдағы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейді.

Жолдаудағы төртінші бағыты көлік-логистика саласын дамытуға арналды. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі көпір ретіндегі стратегиялық рөлі айқындалды. Соған сәйкес, транзиттік әлеуетті арттыру, жаңа дәліздерді тиімді пайдалану және инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай жаңғырту міндеттері қойылды. Мемлекет басшысы теміржол, автокөлік және әуе тасымалдарын қатар дамытуға ерекше мән берді. «Достық – Мойынты» секілді ірі жобалардың іске асуы еліміздің транзиттік мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен бірге контейнерлік тасымалды арттыру, тариф саясатын жетілдіру және кедендік рәсімдерді жеңілдету қажеттілігі айтылды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу көлік жүйесінің тиімділігін арттыратын негізгі құрал ретінде көрсетілді. «Smart Cargo» бірыңғай жүйесі, «жасыл дәліз» қағидасы және заманауи вагондар өндірісі – осы саладағы түбегейлі өзгерістердің маңызды бөлігі. Авиация инфрақұрылымының жаңғыртылуы мен жаңа әуежайлардың салынуы аймақтардың экономикалық дамуына серпін береді. Жалпы бұл бөлім Қазақстанды Еуразиядағы басты транзиттік орталыққа айналдыруға бағытталған стратегиялық қадамдарды қамтиды.  Сонымен қатар маңызды құжатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлік саланы ілгерілету, адами қапиталды дамыту сынды өзекті бағыттар бойынша атқарылуы тиіс шаралар айтылды.

Қорыта айтсақ, Президент Жолдауы елдің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат болып отыр. Онда инвестиция тартуды түбегейлі жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін және ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистика әлеуетін толық пайдалану сынды өзекті міндеттер айқындалды. Барлық салада цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу негізгі құрал ретінде қарастырылды. Жалпы Жолдау Қазақстанның экономикалық дербестігін күшейтіп, ұлттық мүддені қорғауға, жаңа технологияларға сүйеніп тұрақты даму жолына шығуына бағытталған. Бұл құжат елді жаңа дәуірге бейімдеп, жаһандық бәсекеде лайықты орын алуға мүмкіндік беретін тарихи бағдарлама деуге болады.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.