ДРОППЕРЛІК – ҚЫЛМЫС

жаңа заң қандай жауапкершілік
жүктейді?

Қазақстанда киберқылмысқа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды. 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап дропперлікке арнайы жауапкершілікті көздейді. Бұл түзету елдегі интернет-алаяқтықпен күрес саясатының жүйелі түрде күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Дропперлік – қылмыстық ортада кең таралған әдіс. Ол банктік шоттар мен төлем құралдарына заңсыз қол жеткізіп, оларды үшінші тұлғаларға беру немесе жалған ақша аударымдарын жүзеге асыруды қамтиды. Көбінесе бұл әрекет материалдық сыйақы үшін жасалады. Яғни қылмыскерлер ұрланған қаражатты айналымға шығару үшін «көмекшілерді» тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдейді. Мұндай тәсіл қаражаттың ізін жасырып, алаяқтық схемалардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жаңа бап дропперлікке қатысы бар тұлғаларға қатысты қатаң санкциялар белгілейді. Іс-әрекеттің сипаты мен келтірілген зиян мөлшеріне қарай айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл заңдық шара азаматтарды заңсыз әрекеттерге қатыспауға ынталандырып қана қоймай, киберқылмыстық топтардың кадрлық базасын тарылтуға бағытталған.
ІІМ түсіндіргендей, дропперлік — интернет-алаяқтықтың негізгі құралдарының бірі. Оның көмегімен ұрланған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, елден тыс жерлерге шығарылуы мүмкін. Мұндай әрекеттердің көбеюі ұлттық қаржы жүйесіне де, қарапайым азаматтардың сеніміне де нұқсан келтіреді. Сондықтан арнайы қылмыстық баптың енгізілуі – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шешім. Жаңа норманың қабылдануы — кибералаяқтыққа қарсы кешенді шаралардың бір бөлігі. Соңғы жылдары Қазақстанда интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың көлемі артқан. Әсіресе, әлеуметтік желілер, электронды төлем жүйелері мен онлайн-сауда алаңдары алаяқтардың жиі пайдаланатын алаңына айналды. Бұл жағдай құқық қорғау органдарын жаңа тәсілдер қолдануға мәжбүр етті. Жалпы, дропперлік үшін жауапкершілікті енгізу қаржы саласын қорғауды күшейтіп қана қоймай, азаматтардың цифрлық ортаға деген сенімін арттыруы тиіс. Қатаң санкциялар арқылы мемлекет заңсыз схемаларға араласатын тұлғаларға айқын белгі беріп отыр. Яғни қылмыстық табысқа жол жоқ.

О.ҚАСЫМ.