БИЫЛ 37 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл бағытта 80 жобаға қаржы бөлінді. Оның ішінде 46 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда соның 27-сі пайдалануға берілген, ал қалған нысандарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жыл қорытындысымен 37 елді мекендегі 73 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қосылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында жауапты органдарға газ нысандарын сапалы әрі уақытында аяқтау міндеттелді. Әкімдік тарапынан негізгі назар тек газ құбырын тарту жұмыстарына ғана емес, сонымен қатар әрбір үйді абоненттеу ісіне де аударылып отыр. Жоспар бойынша, тұрғындардың барлығы келесі күзгі-қысқы маусымға дейін толықтай табиғи газға қосылуы қажет. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыста газдандыру ісі бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінде 600 елді мекенді қамтитын ауқымды жоба іске асырылуда, оның нәтижесінде 1,9 миллионға жуық тұрғын көгілдір отын пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың тұрмыс сапасына елеулі әсер етпек. Сонымен қатар болашақта газдандыру аясын кеңейту үшін 45 жобаға сараптамалық оң қорытынды алынып, мемлекеттік инвестициялық портфельге енгізілген. Бұған қоса, 50 мың тұрғыны бар 39 елді мекенді қамтитын 46 жоба әзірленіп жатыр.
Облыстың 2027 жылға дейінгі іс-шара жоспары бойынша газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделген. Бұл көрсеткіш аймақтағы тұрғындардың басым бөлігін толықтай газға қосуға мүмкіндік береді. Түркістан облысындағы газдандыру жұмыстарының табысты орындалуы тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалды оңалтуға да ықпал етеді. Көмір мен басқа қатты отын түрлерінен бас тарту арқылы ауаның ластану деңгейі төмендеп, денсаулыққа зиянды әсерлер азаяды. Жалпы, газдандыру өңір үшін стратегиялық маңызы бар қадам болып саналады. Жоспарлы түрде іске асырылған бұл бастама ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғыртып, аймақтың тартымдылығын арттырады.




