СПОРТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ САРАЛАНДЫ

Түркістан облысы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі саналады. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің жаңа келбетін қалыптастыруда. Қазіргі таңда облыс орталығы Түркістанда және аудан орталықтарында спорт пен мәдениет нысандарының құрылысы белсенді жүргізіліп, бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында тұр.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жуырда Түркістан қаласындағы бірқатар спорт және мәдениет нысандарын аралап, құрылыс барысын саралады. Ол жауапты тұлғалармен кездесуде өңір жастарын спорт пен өнерге баулудың маңыздылығын атап өтті. Шын мәнінде, тек жаңа нысандар салу ғана емес, сонымен қатар оларды мазмұнды түрде толтыру, дарынды спортшылар мен талантты жастарды тарту да стратегиялық міндет болып отыр. Биыл облыста 54 спорт нысанының құрылысы аяқталмақ. Оның ішінде 25 спорт кешені, 11 спорт зал, 15 спорт алаңы, футбол манежі мен ату алаңы бар. Бұған қоса, халықаралық стандарттарға сай Ескек есу каналы мен Атшабардың іске қосылуы аймақтың спорттық мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтермек. Мұндай ірі нысандар тек жергілікті спортшыларға ғана емес, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге де мүмкіндік береді. Айта кетсек, өткен жылы өңірде 73 спорт нысанының құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілген болатын. Бұл көрсеткіш Түркістанның еліміздегі спорт орталықтарының біріне айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде мәдениет нысандарының инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда облыста 700-ге жуық мәдениет және өнер мекемесі жұмыс істейді. Өткен жылы Отырар ауданында төрт мәдениет үйі, Сарыағаш пен Келес аудандарында жаңа мәдениет ошақтары пайдалануға берілді. Ал биыл жыл соңына дейін тағы 7 мәдениет үйі халық игілігіне тапсырылады деп жоспарланған. Бұл бастамалардың маңызы зор. Себебі мәдениет пен спорт – қоғамның рухани және физикалық дамуының негізі. Жаңа нысандар тек инфрақұрылымдық жаңғыру ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың әлеуетін ашуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен спорт кешендері жергілікті қауымдастықтардың басын біріктіретін ортаға айналады. Түркістан облысының әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған қадамдары өңірдің тартымдылығын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуде. Бұл – ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамудың кепілі. Алдағы жылдары да облыс көлемінде жүзеге асатын жобалар өңірді Қазақстанның ірі мәдени-спорттық орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.