«КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ МЕН ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ»

30 тамыз – Қазақстан тарихындағы ерекше мереке. 1995 жылы дәл осы күні жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыз – Конституция дүниеге келді. Ол еліміздің тәуелсіздігін нығайтты, құқықтық мемлекет құрудың берік іргетасын қалады.

Конституция – өзгеріске бейім құжат

Қазақстан Конституциясы – мемлекеттің ең жоғары заң күші бар құжаты. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап қана қоймай, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайды. Ең бастысы, Конституция қатып қалған догма емес. Ол қоғамдағы өзгерістерге, геосаяси ахуалға және елдің даму қарқынына сәйкес жаңарып отырады. Соңғы жылдары енгізілген түзетулер – мемлекеттің жаңғыруына, демократиялық қағидаттарды нығайтуға және әділетті қоғам құруға жол ашты.

Президент реформаларының маңызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар – жаңа дәуірдің айғағы. Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы саяси жүйені демократияландыруға, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және халықтың ел басқаруға белсене қатысуына бағытталған.
Саяси салада сайлау жүйесіне өзгерістер енгізіліп, Парламент пен жергілікті мәслихаттардың рөлі артты. Экономикалық салада әділ бәсекелестік орнатып, бизнеске қолдау көрсету, халықтың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуде. Бұл реформалар ел дамуының тұрақты әрі әділ жолын қамтамасыз етуде.

Қанатбек ДОСАЛИЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының
депутаты, заң ғылымдарының
докторы.