ТҮРКІСТАН — ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШБАСШЫ ӨҢІР

аймақ дамуындағы
Көшеровтің қолтаңбасы қандай?

Түркістан – терең тарихы мен болашаққа бағытталған стратегиялық жоспарлары бар өңір. Соңғы жылдары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа серпін алып, республикада көш бастағаны белгілі. Бұл жетістіктердің артында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің жүйелі жұмысы, нақты қадамдары мен талапшыл басшылық стилі жатыр. Әкімнің бастамасымен енгізілген рейтингтік жүйе – облыс басқаруындағы жаңа парадигма. Бұл жүйе әрбір аудан, қала әкімдігінің, басқармалардың жұмысына нақты индикаторлар бекітіп, олардың орындалуын қатаң бақылауға алуға мүмкіндік берді. Әр тоқсан сайын қорытындылар жарияланып, нәтижелер тұрақты талқыланады. Мұндай тәсіл жауапкершілікті арттырып қана қоймай, өңірдің дамуына тың серпін берді.

Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасы оң динамиканы сақтап, қысқа мерзімді экономикалық өсім 118 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары нәтиже көрсетіп, аймақты бірінші орынға шығарды. Мұндай жетістік кездейсоқ емес. Ол – жүйелі еңбектің, жауапты басшылықтың және нақты бағытталған саясаттың жемісі. Жуырда Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен облыстық алқа мәжілісінде осы табыстар сараланып, жаңа жоспарлар нақтыланды. Жиынға аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысып, өз есептерін берді. Рейтингте төмен нәтиже көрсеткендер сынға алынып, жұмысты ширату жөнінде тапсырмалар жүктелді. Бұл – басшының талапшыл әрі әділ қасиетінің айғағы. Облыс әкімі өз сөзінде жалпы ұраншылдық пен жалпылама уәделердің уақыты өткенін, нақты жоспар мен іс-қимыл қажет екенін қадап айтты. Ол әрбір әкім мен басқарма басшысынан индикаторларды орындаудың тетігін ашып көрсетуді талап етті. Бұл тәсіл мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен тиімділікті арттырады. Нұралхан Көшеровтің осы қатаң әрі әділ ұстанымы оның ұйымдастырушылық қабілетін, жауапкершілікке негізделген басқару стилін айқындайды.
Жартыжылдық қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы барлық салада өсім көрсеткен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 723,3 млрд теңгеге жетіп, 13,5 пайызға артты. Бұл өсім негізінен өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен өндірісінің жандануы есебінен қамтамасыз етілді. Ал ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд теңгеге жетіп, 104,7 пайыздық өсім тіркелді. Түркістан облысы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш – өңірдің аграрлық әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесі. Құрылыс саласы да жоғары қарқын алған. Алты айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд теңгеге жетіп, 25,1 пайызға артқан. Жыл басынан бері 438,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 118,2 пайызды құрады. Мұның барлығы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Облыс әкімінің бастамасымен бекітілген 2024-2030 жылдарға арналған экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы – өңірдің даму жолындағы басты құжат. Бұл құжатта инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінген. Нұралхан Көшеровтің басшылығымен өңірге тартылған инвестициялар аймақтың өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етіп келеді. Оның әрбір сөзі мен тапсырмасында нақты жоспарға, айқын нәтижеге қол жеткізуге деген ұмтылыс байқалады. Облыста енгізілген рейтингтік жүйе жергілікті билікке ғана емес, халыққа да пайдалы. Себебі ол әрбір әкім мен басқарма басшысының жұмысын ашық көрсетіп, тұрғындардың сенімін нығайтады. Мәселен, Қазығұрт, Сайрам және Шардара аудандары өздерінің көрсеткіштерін жақсартып, оң нәтиже көрсеткен болса, төмен нәтиже көрсеткен әкімдер мен басқарма басшыларына жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұл әдіс әділеттілікті қамтамасыз етеді, сонымен қатар әрбір басшыны нақты нәтижеге жұмыс істеуге ынталандырады.
Нұралхан Көшеровтің азаматтық болмысы – оның халықпен етене араласуынан, өңірдің тыныс-тіршілігін жіті бақылауынан көрінеді. Ол әрқашан нақты дерекке сүйеніп, объективті шешім қабылдауға ұмтылып келеді. Әкімнің дипломатиялық қасиеті де ерекше. Ол сын-ескертпелерді әділ айта отырып, әрбір басшыға жұмысты жандандырудың жолдарын көрсетеді. Бұл басшының тек қатаң талап қойып қана қоймай, шешімін табуға мүмкіндік беретін жол нұсқайтынын аңғартады. Түркістан облысының даму тарихында әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Алайда қазіргі кезеңде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар, жаңа басқару тәсілдері мен қатаң бақылау жүйесі Нұралхан Көшеровтің қолтаңбасымен байланысты болмақ. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, басқару мәдениетінде де жаңа дәстүр қалыптастыруда. Әкімнің талапшылдығы, әділдігі мен табандылығы Түркістанды жаңа белеске шығарып отыр.
Инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік саясат бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Жаңа тұрғын үйлердің салынуы, жолдар мен инженерлік желілердің тартылуы, әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Ал ауыл шаруашылығындағы жетістіктер өңірдің аграрлық бағыттағы әлеуетін ашып, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отыр. Осының барлығы — Нұралхан Көшеровтің жүйелі еңбегінің нәтижесі. Оның басқару стилі тек бүгінгі күнді емес, болашақты да ойлауға негізделген. Бекітілген Жол картасы, индикаторлар жүйесі және тұрақты бақылау тетіктері Түркістанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Бұл еңбектер аймақ тарихында жарқын қолтаңба болып қалмақ.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.