ҚАРАТАУ АУДАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласы күн санап қарқынды дамып келеді. Бұл дамудың маңызды бөлігі – қаладағы аудандардың инфрақұрылыммен қамтылуы. 2025 жылғы 26 тамызда өткен Шымкент қаласы мәслихатының жиырма сегізінші сессиясында Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайында есеп берді. Жиын барысында айтылған деректер Қаратаудағы жүйелі жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын аңғартты.
Қаратау – Шымкенттегі жылдам өсіп келе жатқан аудандардың бірі. Мұнда халық саны қарқынды артып, жаңа тұрғын алаптар бой көтеруде. Сондықтан инфрақұрылыммен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әкімнің есебінде келтірілген көрсеткіштер қазіргі таңда ауданның ауыз сумен қамтылуы 99 пайызды, электр энергиясына қосылуы 99 пайызды, ал табиғи газға қолжетімділігі 98 пайызды құрап отырғанын көрсетті. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бұл ғана емес, соңғы жылдары Қаратаудағы бірнеше ірі тұрғын алаптарда ауыз сумен қамту бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Сайрам, Қызылсу, Алтынорда, Таскен, Тұран елді мекендерінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мыңдаған тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Мұндай қадамдар халықтың өмір сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады.
Электр қуатымен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Әсіресе Алтынорда, Тұран, Сайрам сияқты жаңа қоныстарда құрылыс жұмыстары жүріп, үздіксіз электр жарығын жеткізу ісі қолға алынды. Бұл аймақтарда соңғы жылдары тұрғын үйлердің қарқынды салынып жатқаны белгілі, сондықтан жаңа желілердің тартылуы халықтың тұрмысын жеңілдетті. Табиғи газға қосылу көрсеткіші де көңіл қуантады. Өткен жылы Алтынорда мен Тассай тұрғын алаптарында газ тарту жұмыстары жүрсе, биыл Тассай мен Тұран елді мекендерінің мәселесі шешімін тауып келеді. Газдандыру тұрғындардың тұрмыстық жағдайын айтарлықтай жақсартып қана қоймай, экологияға оң әсерін тигізетіні анық. Бұл – Шымкент қаласының «жасыл даму» бағытындағы бастамаларымен де үндесіп тұр.
Мәслихат депутаттарының аудан әкімінің жұмысына оң баға беруі де кездейсоқ емес. Инфрақұрылымдық жобалардағы жоғары көрсеткіштер, атқарылған нақты жұмыстардың көрінісі халықтың сұранысына жауап беріп отыр. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асқанын, әкімдік пен тиісті басқармалардың үйлесімді әрекет еткенін білдіреді. Жалпы Қаратау ауданындағы инфрақұрылымның қарқынды дамуы Шымкенттің жалпы әлеуметтік-экономикалық келбетіне де әсер етпек. Себебі тұрғындарға сапалы ауыз су, тұрақты электр қуаты мен табиғи газдың қолжетімді болуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Әсіресе, жеке тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқын алған Қаратау үшін бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы аса маңызды. Қорыта айтқанда, Қаратау ауданындағы инфрақұрылымдық көрсеткіштер Шымкенттің даму динамикасының айқын дәлелі болып отыр. Алмас Абаевтың есебі тек цифрлар жиынтығы ғана емес, нақты нәтижелерге сүйенген жұмыс жоспарының айғағы. Алдағы уақытта ауданның ауыз су, жарық және газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетуі – уақыт еншісіндегі міндет. Бірақ бүгінгі межелердің өзі Шымкенттің жаңа дәуірге аяқ басып келе жатқанын көрсетеді.
Ж.БАЛАУСА.




