ТӨРТ ТҮЛІКПЕН ТІРШІЛІГІН ТҮГЕНДЕГЕН ЕҢБЕК ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысында мал шаруашылығына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына арналған кәсіби мереке – «Малшылар күні» кең көлемде атап өтілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, өңірдегі мал шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін бағалауға арналды.

Осы орайда, мерекелік іс-шара облыстың үш аймағында ұйымдастырылды. Сарыағаш қаласында – Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай және Мақтарал аудандарының шаруалары, Ордабасы ауданында – Отырар, Сауран аудандары және Арыс пен Кентау қалаларының малшылары, Сайрам ауданында – Төлеби, Түлкібас, Созақ және Бәйдібек аудандарының еңбеккерлері бас қосты. Бұл формат – тек салтанатты жиын ғана емес, өңіраралық байланыс пен тәжірибе алмасу алаңына айналды. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегіне көрсетілген құрмет – аграрлық саланың стратегиялық маңызын дәлелдейді. Мерекеде ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, үздіктер марапатталды. Атап айтқанда, Хахаров Қошқар (Жетісай), Ташимов Құралбай (Ордабасы) – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Мырзақұлов Қошқар (Төлеби), Жұманова Салтанат (Жетісай) – «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Жанатаев Мейрамбай (Отырар) – Құрмет грамотасымен марапатталды. Қайқыбай Айтжан, Шағалақов Құралбек, Әлібеков Оңғалбек – Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, салада еселі еңбек етіп жүрген 65 азаматқа Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Мал шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Қазіргі таңда өңірде 1,2 миллион бас ірі қара, 5,1 миллион бас қой-ешкі, 504 мың жылқы, 44 мың түйе бар. Бұл – өңір диқандары мен малшыларының тынымсыз еңбегі мен тәжірибесінің нәтижесі. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 62 мың тонна ет, 163 мың тонна сүт өндірілді. Осы көрсеткіштер Түркістан облысының ет және сүт бағытындағы экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды терең өңдеу, логистика және халықаралық нарыққа шығару жобаларымен толықтыру міндеті де қатар жүріп жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мал шаруашылығы саласына тек өнім өндіруші ғана емес, терең өңдеуші құрылым ретінде қарау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы мақсатта ет комбинаттары мен мал сою алаңдарын жаңғырту, сүт қабылдау және өңдеу орталықтарын көбейту, жем-шөп өндірісін жүйелеу, экспортты ұлғайту бағытында заманауи инфрақұрылым құру көзделіп отыр. «Малшылар күні» – осы жүйелі жұмыстың, сала мамандарына деген құрметтің және өңірдің агроэкономикалық саясатының бір көрінісі.
Төрт түліктің жайын білетін, табиғатпен үндес тіршілік кешіп, күн мен түнге қарамай малын бағып жүрген азаматтардың еңбегі – ел экономикасы үшін баға жетпес құндылық. Түркістан облысында мал шаруашылығын қолдау тек экономикалық қажеттілік емес, тарихи, мәдени және әлеуметтік жауапкершілік деңгейіне көтерілген. «Малшылар күні» осы құндылықтарды насихаттауға, жастарды ауылға тартуға, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған жарқын бастама болды.