ҮЗДІК МАМАНДАР МАРАПАТ ТӨРІНЕН КӨРІНДІ

Түркістан облысында ақ халатты абзал жандарға арналған Медицина қызметкерлері күні ерекше құрметпен аталып өтті. Салтанатты жиынға сала ардагерлері, үздік дәрігерлер мен мейірбикелер, медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл мерекелік шара – денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып жүрген мамандарға деген алғыс пен ілтипаттың нақты көрінісі болды.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев медицина саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, халық саулығы жолында атқарып жүрген қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді. Өз сөзінде ол «Сіздердің адал қызметтеріңіз – қоғамның денсаулығы мен ел болашағының кепілі. Түркістан облысы медицина саласының қарқынды дамуына сіздердің әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңіз зор» деді. Саланың үздік өкілдері «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те құттықтау сөз сөйлеп, медицина қызметкерлеріне қоғамдағы жауапты әрі маңызды рөлі үшін ризашылығын білдірді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мен инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2024 жылдың өзінде 55 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Олардың 49-ы «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық пилоттық жобасы аясында, 2 нысан – дайын ғимаратты сатып алу арқылы іске асырылса, 1 жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асты. Ал 3 нысан жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке жақын әрі сапалы қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында салынған. Заманауи құралдармен жабдықталған емдеу мекемелері – ауыл медицинасының сапалы қызмет көрсетуіне жол ашатын маңызды қадам.
Медицина саласындағы өзгерістер тек нысандардың құрылысымен шектелмейді. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да басты назарда. Биыл 20 дәрігер Санкт-Петербург қаласында біліктілік арттыру курсынан өтті. 75 медицина қызметкері шетелдік мамандармен бірлесіп, халықаралық деңгейде білім алды. Қосымша 200 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 190 орта буын маманды оқыту жоспары әзірленді. Бұл шаралар кадрлық әлеуетті күшейтіп, өңір медицинасын жаңа деңгейге көтеруге сеп болмақ. 2024 жылы 4 аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Тағы 4 ауруханада жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен бірге, 2 ірі нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған. Бұл – аурухана инфрақұрылымын жаңғыртып, заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған жүйелі жұмыс.
Салтанатты жиын барысында сала ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Көп жылдар бойы өңірдің денсаулығын сақтауға үлес қосқан мамандарға сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар «Үздік медицина қызметкері» байқауының жеңімпаздары да марапатталып, кәсіби еңбектері лайықты бағаланды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – бұл тек құрмет пен қошеметке толы шара ғана емес, денсаулық сақтау жүйесіне жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың, стратегиялық көзқарастың да айғағы. Түркістан облысында бұл саладағы реформалар мен бастамалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Ақ халатты абзал жандарға жасалған бұл құрмет – олардың әрбір ота, әрбір қабылдау, әрбір науқас үшін еткен еңбегінің мойындалуы. Себебі дені сау ұлт – мықты мемлекеттің кепілі.