ЖЕТІСАЙДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданында кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, экономиканы әртараптандыру мақсатында нақты жұмыстар жүзеге асуда. Атап айтқанда, Асықата кентінде 59 гектар аумаққа «Жетісай» индустриалды аймағы құрылып, бүгінде бұл жобаның инфрақұрылымын дамыту бағытында жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.
Аталған индустриалды аймақта 2025 жылы жалпы құны 33 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба қолға алынбақ. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 1 870 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде осы жобалардың төртеуі мақұлданып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұл туралы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында мәлімдеді. Индустриалды аймақта түрлі бағыттағы өндіріс орындары құрылуда. Мәселен, «TST Zhetysai Group» ЖШС мақта өңдеу зауыты мен жіп иіру фабрикасының құрылысын бастап кеткен. Сонымен қатар «Агро сүт» сүт өңдеу зауыты, «Бирлик — Е» мақта өңдеу кәсіпорны және «Altyn Kun Group» полиэтилен қалдықтары мен су үнемдеу жабдықтарын өндіретін зауыттардың құрылысы жүргізілуде. 2024 жылдың өзінде ауданда 4,3 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асып, нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны құрылған болатын.
Аудан экономикасының даму көрсеткіштері де қуантады. 2024 жылдың І тоқсанында ауданның жалпы өңірлік өнімі 27,4 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 190,1 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өнім көлемі 184,1 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге артқан. Өнеркәсіп өнімі көлемі де өсім көрсетіп отыр. 2024 жылы бұл салада 18,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд теңгеге артқан. Биыл бұл көрсеткішті 21,2 млрд теңгеге жеткізу көзделсе, І тоқсанда 4,6 млрд теңге көлемінде өнім өндірілген. Ауданның негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі де жылдан-жылға өсуде. 2024 жылы 43,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артық орындалған. Ағымдағы жылы бұл өсім жалғасатыны күтілуде.
Жетісай ауданында экономика тірегі ретінде ауыл шаруашылығы саласы ерекше орын алады. Мұнда 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл 79,2 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 1,2 мың гектар жерге ерте пісетін қырыққабат отырғызылып, 40 мың тоннадан астам өнім алынған. Қазіргі таңда диқандар қауын, қарбыз жинауға кірісіп кеткен. Жиналған өнімдердің басым бөлігі Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдеріне, сондай-ақ Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен өзге өңірлерге жөнелтілуде. Сонымен бірге, 321 шаруа қожалығы 1,2 мың гектар жерден екі рет өнім алу жобасын жүзеге асыруда.
Ауданның инфрақұрылымын дамытуда «Ауыл – Ел бесігі» жобасының да рөлі зор. 2024 жылы аталған бағдарлама аясында 15 елді мекенде 15 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, елді мекендерді газдандыру, жолдарды жөндеу, мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Жетісай ауданындағы табиғи газбен қамту көрсеткіші 81,9 пайыз болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 86,6 пайызға жетпек. Сонымен қатар, аудан әкімінің айтуынша, аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған.