ЖЕТІСАЙДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС КӨП

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің қатарында. Мұнда мемлекеттік бағдарламалармен қатар, жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асып жатқан жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық және медициналық әлеуетін арттыруда. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде қолға алынған тың бастамалар – жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, инвестициялық тартымдылықты күшейтіп отыр.

Ауданға қарасты Асықата кентінде жеке кәсіпкердің инвестициялық қаржысы есебінен бой көтерген «Samruk Medical clinic» – ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды жоба. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған бұл орталықта 130 жоғары санатты дәрігер тұрақты жұмысқа орналасқан. Медициналық қызмет сапасының артқаны – ауыл тұрғындарының қалаға немесе облыс орталығына сабылмай-ақ, өз өңірінде сапалы ем алуға мүмкіндік алып отырғанын білдіреді. Кешенде күндізгі және тәуліктік стационарлар, терапия мен травматология бөлімдері қарастырылған. 10 орындық күндізгі, 40 орындық тәуліктік стационар халыққа қызмет көрсетуге дайын. Сонымен қатар балалар мен ересектерге арналған екпе бөлмелері, зертханалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жеделсаты сынды әлеуметтік инклюзивті шешімдер бұл орталықтың ерекшелігін арттыра түседі. Жедел жәрдем қызметі де заманауи құралдармен жабдықталған көліктер арқылы жүзеге асырылады. Бұл, әсіресе, алыс ауылдардағы науқастарды уақтылы жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай орталықтардың ашылуы – еліміздегі медициналық көмектің ауылға жақындауының нақты көрінісі.
Асықата елді мекенінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен салынып жатқан теннис орталығы – ауданның спорттық инфрақұрылымындағы тарихи жобалардың бірі. Құны 1 млрд теңге болатын кешен 1 гектар аумақта орналасқан және бір мезетте 200-ге жуық адам жаттығу жасай алады. Теннис орталығының ішкі құрылымы да ерекше. Бір залда 9 теннис үстелі, екіншісінде күрес кілемдері, бокс рингі, жаттығу құралдары орнатылған. Бұл кешен аудан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі болмақ. Алдағы уақытта мұнда республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу жоспары бар. Ауылда тұратын жасөспірімдер үшін бұл орталық – үлкен спортқа жол ашатын басты алаңға айналмақ.
Ауыл шаруашылығы – Жетісай экономикасының тірегі. Бұл салада жаңа технологияларды енгізу мен тиімділікті арттыру бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Абай ауылдық округіндегі «Смайл» шаруа қожалығы – бұл бағыттағы сәтті мысал. Қожалық 230 гектарға мақта шитін, 10 гектарға көкөніс, 20 гектарға бақша дақылдарын еккен. Ағын судың тапшылығы – еліміздегі маңызды мәселелердің бірі. Осы ретте, қожалық 177 гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізіп, «BNK GROUP» компаниясымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Мемлекет тарапынан бұл технологияларға 80 пайыз субсидия қарастырылып, шаруаларға қолдау көрсетілуде. Су үнемдеу технологиясы – ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін 2-2,5 есеге дейін арттыратын тиімді шешім. Бұл – тек шаруаларға ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де оң ықпал ететін бастама.
20 жылдан астам уақыттан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Қайрат Жақыпов есімді жетісайлық шаруа да – ауданның ауыл шаруашылығындағы табысты еңбеккерлерінің бірі. Абай ауылдық округіндегі 30 гектар жердің 15 гектарына «Бакинка» қауын сортын, 15 гектарына мақта шитін еккен. Көшеттер жоспарланған 65 күннің орнына 70 күнде пісіп, биылғы ауа райының ерекшеліктерін көрсетіп отыр. Қауын мен қарбыз – Жетісай өңірінің брендіне айналған өнімдер. Бұл өнімдер ішкі нарықпен қатар, Ресей, Беларусь, Қырғызстан сияқты елдерге экспортталады. Жетісай ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес, барлық 105 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен толық қамтылған. Бұл – аса ауқымды әрі маңызды көрсеткіш. Ауданда 83 ауызсу ұңғымасы, 85 мұнара, 24 су сақтағыш және 1197 шақырым ауызсу құбыры жұмыс істеп тұр. Оның 81,5 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Бұл көрсеткішті арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жетісай ауданындағы соңғы бастамалар – ауылдық өңірдің қарқынды дамуға бет бұрғанын айғақтайды. Жеке инвестициялардың тартылуы, әлеуметтік маңызды нысандардың бой көтеруі, инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңашылдықтар – аудан халқының әл-ауқатын арттырып, өңір экономикасының тұрақты дамуына жол ашуда. Медицина, спорт, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым – төрт бағыттағы үйлесімді даму моделі Жетісайды оңтүстік өңірдегі серпінді ауданға айналдырып келеді. Ең бастысы – бұл жобалардың барлығы халықтың мүддесі мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.