МӘДЕНИЕТ ПЕН БІЛІМ ОШАҒЫ – АУЫЛ КӨРКІ

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында әлеуметтік нысандардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл – жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттырып, ауылдарда жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың Тегісшіл ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары кезінде осы бағыттағы жұмыстардың барысы таныстырылды.
Сапар барысында аудан басшысы алдымен Мәдениет елді мекенінде бой көтеріп жатқан мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысымен танысты. 75 орынға арналған бұл нысан – ауыл тұрғындарының мәдени және рухани өміріне тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Бүгінде құрылыс алаңында іргетас қаланып, кірпіш қалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан басшысы құрылыс сапасына баса мән беріп, мердігер мекемеге нысанды мерзімінде әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Аталған жоба облыстық «Үлгілі ауыл» байқауы аясында жүзеге асуда. Байқау қорытындысы бойынша Тегісшіл ауылдық округі ІІ орын иеленіп, арнайы марапат ретінде 1 әлеуметтік нысан салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл бастама облыс аумағындағы ауылдардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, бәсекеге қабілетті елді мекендер қалыптастыруға бағытталған тиімді тетікке айналып отыр. Мәдениет үйі мен кітапханадан бөлек, ауыл жастары мен бүлдіршіндер үшін де жағымды жаңалықтар бар. Аудан әкімінің сапары аясында балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылысы да назарға алынды. Қазіргі таңда бұл нысандарда қажетті жабдықтар орнатылып, соңғы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландыру облыстық бюджет арқылы қамтамасыз етілген.
Бұл алаңшалар тек спорттық және ойын-сауық мақсатында ғана емес, сондай-ақ ауылдағы бос уақытты тиімді өткізу мен салауатты өмір салтын насихаттаудың негізгі орталықтарына айналады деп күтілуде. Жастар арасында бұқаралық спортты дамыту – аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Сарыағаш ауданы – халық саны жағынан Түркістан облысындағы ірі аудандардың бірі. Мұнда ауыл халқы тығыз қоныстанған және әлеуметтік инфрақұрылымға сұраныс жоғары. Осындай жағдайда әрбір салынған нысан – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инвестиция. Жергілікті биліктің бұл бағыттағы жұмыстары тек құрылыс салумен шектелмейді. Әрбір жобаның тиімділігіне, пайдалануға берілгеннен кейінгі қызмет сапасына да жіті назар аударылуда. Бұл ретте мердігер мекемелердің жауапкершілігі мен бақылаушы органдардың белсенділігі де аса маңызды. Тегісшіл ауылдық округіндегі игілікті істер – Сарыағаш ауданында қолға алынған әлеуметтік дамудың айқын көрінісі. Мәдениет ошағы, заманауи кітапхана, балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары – бұл ауыл келбетін жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың әлеуетін арттыратын маңызды бастамалар. Аудан әкімінің тікелей бақылауымен жүзеге асып жатқан бұл жобалар тек Мәдениет елді мекенімен шектеліп қалмай, басқа ауылдарға да үлгі болары анық. Осындай нақты істер арқылы ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық алшақтық азайып, елді мекендердің келешегі кемел болмақ.