ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 48 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау бағытында нақты істер атқарылып келеді. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан тұрғын үймен қамту бағдарламаларының нәтижесінде кезекті жағымды жаңалық – 48 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Аудан орталығында өткен салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев арнайы қатысып, көптен күткен қуаныш иелерін құттықтады.
Шара барысында аудан әкімі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты іске асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында көптеген азаматтар баспаналы болып, жұмысқа орналасуда. Қазіргі таңда Түлкібас ауданында 3250-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, соның ішінде бүгін 48 азамат баспаналы болып отыр. Оның қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар мен жас отбасылар бар. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады» деді Асқар Естібаев.
Жаңа пәтер кілтіне ие болғандардың қатарында алтын құрсақты ана Сұлушаш Нұрымбетова да бар. Жеті баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана мемлекет тарапынан берілген үш бөлмелі баспана үшін ризашылығын білдірді. «Үй кезегіне 2018 жылы көпбалалы ана ретінде тұрған болатынмын. Бүгін, шүкір, мемлекетіміздің қолдауымен, бала-шағамның несібесіне орай жаңа пәтерге қол жеткізіп отырмын. Барша көршілерімді жаңа қонысымен құттықтаймын. Үй күтіп жүрген отбасыларға да жұғысты болсын» деді ол. Айта кетейік, бұған дейін, яғни 2024 жылдың наурыз айында Түлкібас ауданындағы «Нұршуақ» шағынауданында 56 пәтер кезекте тұрған азаматтарға табысталған болатын. Осылайша, биылғы жылдың өзінде 104 түлкібастық отбасы жаңа баспанаға ие болып отыр. Бұл – өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі әлеуметтік саясаттың, соның ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған тұрғын үймен қамту бағдарламаларының нақты жемісі. Түлкібас ауданындағы бұл игі іс – мемлекет пен халық арасындағы сенімді байланыстың көрінісі. Қоныс той иелерінің қуанышы – болашаққа деген сенімді, елге деген алғысты еселей түсетіні анық. Осындай әлеуметтік қолдаулардың арқасында Түлкібаста әрбір отбасының шаттығы еселеніп, тұрғындардың өмір сапасы жаңа деңгейге көтерілуде.