700 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ХИМИЯЛЫҚ ӨҢДЕУДЕН ӨТТІ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянды организмдерден қорғау мақсатында биылғы жылы ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің қатысуымен Арыс қаласында өткен кезекті штаб отырысында химиялық өңдеу жұмыстарының барысы талқыланып, негізгі бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Отырыс барысында белгілі болғандай, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Отырар, Төлеби, Сауран аудандарында зиянкестерге қарсы дәрілеу шаралары жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Ордабасы ауданында ошақтар толық жойылып, өңделген аймақтарда тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ауданаралық шекаралардағы қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған. Келес, Сарыағаш және Арыс өңірлерінде техникалар шекара бойына жұмылдырылып, зиянкестердің тарап кетуіне жол бермеу бағытында алдын алу шаралары күшейтілді. Ал Қазығұрт пен Шардара аудандарында кезекшілік режимі енгізіліп, егістіктерді қорғау үшін тәулік бойы бақылау ұйымдастырылуда. Жалпы химиялық өңдеуге 100 тоннадан астам арнайы препарат қолданылған. Бұл жұмыстар бірнеше қаржыландыру көздері арқылы жүзеге асқан. Атап айтсақ, республикалық бюджет есебінен – 192 мың гектар, жергілікті бюджеттен – 180 мың гектар, кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауымен – 300 мың гектардан астам жер өңделді. Мұндай қаржылық және техникалық қолдаудың арқасында өңір зиянкестерден қорғау ісінде жүйелі әрі тиімді қадамдар жасап отыр.
Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірлік штабтардың жұмысын осы қарқыннан түсірмеуді тапсырды. Сонымен қатар азаматтардан келіп түсетін кез келген шағым мен хабарламаларға жедел назар аударып, өзектілігіне қарай нақты шешім қабылдау қажеттілігі баса айтылды. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының тірегі. Ал зиянды организмдермен күрестің пәрменді жүргізілуі – өнім көлемінің төмендеп кетпеуіне, шаруалардың еңбегінің ақталуына тікелей әсер етеді. Осы бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыстар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Заманауи техникаларды пайдалану, кешенді әдістер мен қарқынды бақылау – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдар.