ҚАЗЫҒҰРТТА ІРГЕЛІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздің экономикалық картасында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Бұл үрдісте индустриалды аймақтардың атқаратын рөлі ерекше. Өңір экономикасын әртараптандыру, жұмыс орындарын көбейту және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында облыс басшылығы индустриалды аймақтарды дамытуды басты бағыт ретінде белгілеп отыр.

Индустриалды аймақтар – кәсіпкерлерге инфрақұрылымы дайын, инженерлік желілермен қамтылған арнайы аумақтар. Мұндай алаңдарда шағын және орта бизнестен бастап, ірі өндіріс орындарына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған. Бұл өз кезегінде шетелдік және отандық инвесторлар үшін де тартымды факторға айналуда. Осы орайда, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағында 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 249 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, жаңа өндіріс орындарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қазығұрт» индустриалды аймағын аралады. Жаңа жобалармен танысып, жұмысты пысықтады. Жауапты тұлғаларға тың жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту керек екенін айтып, жұмысты одан әрі жандандыруды тапсырды.
Қазіргі уақытта «Билол» ЖК тарапынан 3 гектар аумақта болат шарларын өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жылдық қуаттылығы – 5000-6000 тонна. Зауыттың құрылысы 80 пайызға аяқталып, құрал-жабдықтары орналастырылуда. Сонымен қатар биылғы мамыр айында 2 жобаның құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз, жұмсақ полиуретанды көбік және бағдарланған бөлшектер тақтасын шығаратын зауыт салуды қолға алды. Зауыт іске қосылғанда жылына 10 мың дана жиһаз өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салмақ. Инвестиция құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаның жылдың қуаттылығы – 10 000 тонна. Қазіргі уақытта кәсіпорындар салуға қажетті жер телімдері рәсімделіп, инвесторлар зауыттардың құрылыс жұмыстарына кіріскен. «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар жерге жаңбырлатып суғару жүйесін ендіру жұмыстарын жүргізуде.
Одан бөлек, «Көрік ШҚ» ЖШС 2018 жылдың қазан айынан бастап алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығаруда. Жоба қуаттылығы жылына – 1 мың тонна. 2019 жылдың қараша айында «CG Foods Central Asia» ЖШС тез әзірленетін тағамдар өндірісін іске қосқан. Өндіріс қуаттылығы жылына – 1100 тонна. Кәсіпорын өнімдерін Қазақстаннан бөлек, Ресей және Орта Азия елдеріне экспорттауда. Мұнда 100 адам жұмыспен қамтылған. Индустриалды аймақта «Асыл» ЖШС-нің автоматтандырылған ауыз су жүйесі және капсулалар өндірісі іске қосылған. Сонымен қатар «Сабит» шаруа қожалығы «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ тастап, балық өсірумен айналысуда. Жалпы Түркістан облысында индустриалды аймақтарды дамыту – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама ел экономикасына серпін беріп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да тікелей әсер етуде.