ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСКЕ КЕЛЕТІН ТУРИСТЕР САНЫ АРТҚАН

Соңғы жылдары Шымкент қаласы еліміздің туризм саласында қарқынды дамып келе жатқан ірі орталықтардың біріне айналды. Тарихы терең, табиғаты тамаша және мәдениеті бай бұл қала жыл сайын отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын арттыра түсуде. 2023 жылы Шымкентке келген туристер саны 507 866 адамды құрады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары көрсеткіш. Туристердің басым бөлігі, яғни 475 235 адам – Қазақстан азаматтары болса, қалған 32 631 адам – шетелдік қонақтар.

Орналастыру орындарына келген туристер саны да айтарлықтай өскен. 2024 жылы бұл көрсеткіш 615 503 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға артты. Сонымен қатар қызмет көрсету көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 37,6 пайызға ұлғайған. Бүгінде Шымкент туристер саны бойынша елімізде 4-орынға ие болып отыр. Бұл – қалаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және туризм инфрақұрылымының дамып жатқанын білдіреді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 17 туристік маршрут жұмыс істейді. Ең танымал бағыттардың бірі – Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағылы – Шымкент бағыты бойынша 4 күндік тур. Бұл маршрут арқылы туристер оңтүстік өңірдің табиғатын, тарихын және мәдениетін бір сапармен танып шығуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ шетелдік туристерге арналған тегін автобустық экскурсиялар да ұйымдастырылып келеді. Әр бейсенбіде өтетін бұл шара Шымкенттің көрікті жерлерін таныстыруды және қаланың рухани-мәдени бейнесін ашуды мақсат етеді.
Шымкент қаласының географиялық орналасуы туризм үшін өте тиімді. Қазір қалада 7 ішкі және 10 халықаралық тікелей әуе рейсі жұмыс істейді. Олардың қатарында Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина және Фукуок қалалары бар. Сонымен бірге «Scat» әуекомпаниясы алдағы уақытта Пекин, Сиань, Санья, Будапешт, Прага және Мюнхен қалаларына тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұл бағыттар Шымкенттің халықаралық туризмдегі рөлін одан әрі арттырады. Қалада туристік нысандарды жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Қарашаш ана» мен «Ибрагим ата» кесенелерінде жаңа санитарлық тораптар, орындықтар, жарық шамдары және ақпараттық стендтер орнатылды. Бұл – тарихи-діни туризмді дамытуға жасалған нақты қадам.
Туристердің назарын аудару үшін оқиғалы туризм де дамып келеді. Былтыр ұйымдастырылған «ДәмдәsTour» гастрономиялық фестивалі үлкен қызығушылық тудырса, биыл бірқатар жаңа фестивальдар өткізу жоспарланған. Олардың қатарында «Қызғалдақ жолы», «Әуе шарлары», «Street Food Fest», «Батпырауықтар», «Жарық шамдар» және «Comic Con Shymkent» фестивальдері бар. Бұл шаралар қала туризмінің әртараптандырылуына және жастар мен отбасылық демалысқа бейімделуіне септігін тигізеді. Шымкент қаласының туристік инфрақұрылымын одан әрі жақсарту үшін 2024 жылы бірнеше жоба қолға алынды. Олар — Этноауылды абаттандыру және қайта құру, тәулік бойы жұмыс істейтін гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы аумағында туристерге арналған демалыс аймағын жасау.