ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР САНЫ АРТҚАН

Қылмыс – қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыс. Қазақстанда құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыспен күреске ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет бұл бағытта заңнамалық, құқық қорғау және алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қылмыстың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі мен құқық қорғау органдары заманауи технологияларды енгізіп, бейнебақылау жүйелерін кеңінен қолдануда. Сонымен қатар интернет-алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы арнайы бөлімдер құрылып, ақпараттық қауіпсіздікке мән беріліп отыр.
Осы орайда, жуырда Жоғарғы соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев өткен I тоқсандағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары бойынша республика судьялар корпусының қатысуымен кеңес өткізді. Кеңес жұмысына Жоғарғы соттың сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина және Аслан Түкиев, сондай-ақ Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың басшылары іс-шараға БКБ арқылы қосылды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина сөзінде заңнамаға енгізілген өзгерістерге (ҚК-нің 6-бабы) байланысты 87 пайыз материал немесе 1 279 іс қанағаттандырылып, сотталғандардың жазалары жеңілдетілгенін, бұл түзеу мекемелеріндегі орындарды босатуға елеулі ықпал еткенін атап өтті. Үш ай ішінде қылмыстық істер саны 8,5 пайызға артқан. Өз сөзінде «Биыл I тоқсанда апелляцияда 453 үкім түзетілді, ал 2024 жылдың осы кезеңінде — 340 үкім өзгертілген және күшін жойған. Кассацияда 48 адамға қатысты апелляциялық актілер өзгертіліп, күшін жойған, 11 іс 22 адамға қатысты қайта қарауға жіберілген. Тергеу соттары қамауға алуға санкция беруді сирек қолдана бастады — 65,8 пайыз, бұл өткен жылғы 87 пайызбен салыстырғанда аз» деді Назгүл Рахметуллина.
Баяндамашы соттардың процестік қатысушылардың шағымдарын объективті қарауға, дәлелдемелердің заңға сәйкестігіне принципті баға беруге назар аударуы қажет екенін атап өтті. Адамның кінәлілігі туралы шешім барлық заң талабын сақтай отырып жиналған жеткілікті дәлелдер жиынтығына негізделуі тиіс. Бостандықтан айыруға баламалы бұлтартпау шаралары мен жазаларды кеңінен қолдану ұсынылады. Олар — электрондық білезіктермен үйқамақ, қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар. Сондай-ақ шартты-мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жаза түріне ауыстыру кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажет. Ал Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов талап қоюлар санының 40 пайызға өскенін атап өтті. Көбінесе бұл банкрот деп тану, шығынды өндіру және шарттық міндеттемелерге қатысты даулар. Бұл өсім сондай-ақ сот тапсырмалары, сот орындаушыларының ұсыныстары мен борышкерлерді мәжбүрлі түрде алып келуге санкциялар есебінен де байқалады. «Қаралған істер саны 19 пайызға артқан, оның ішінде шешім шығарылған істер — 15 пайызға көбейді. Апелляцияда 8,4 мың іс қайта қаралып, 1 111 сот шешімі түзетілді, бұл өткен жылғы 1 081-ге қарағанда аз» деді Нұрсерік Шәріпов.
Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров сот ғимараттарын салу мен жөндеуге қатысты бірқатар жоспарланған жобаларды атап өтті. Оның айтуынша, роботтандыру судьяларды күнделікті жұмыстан босатып, сот актілерін беруді жеделдеткен, судьялардың уақытын күрделі істерді қарауға қайта бөлген және негізсіз талап қоюлар санының азаюына ықпал еткен. «2024 жылғы тамыздан бастап робот даусыз дәлелдемелер және құқық бұзушылардың келісімі болған жағдайда 85 мыңнан астам іс бойынша шешім жобаларын дайындаған. Борышкерлерге елден шығуға тыйым салу туралы қаулылар саны 76 пайызға артты (108 мыңнан 190 мыңға дейін). Роботтандыруды әкімшілік қамау және көлік құралын мас күйде басқару істеріне, сондай-ақ басқа санаттағы істер бойынша болжам технологияларын енгізуге кеңейту жоспарлануда. Ол сондай-ақ ЦДИжАӨМ-мен бірлесіп, барлық мемлекеттік органдардың деректерін жаңа деректерді өңдеу орталығына ауқымды көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл соттың IT-жүйелеріндегі үзілістерді болдырмауға бағытталған» деді Наиль Ахметзакиров.
Асламбек Мерғалиев кеңесті қорытындылай келе, жалпы соттардың істерді қарау сапасын атап өтті. Сонымен қатар судьялар корпусының басты назары істердің мән-жайын мұқият зерделеуге және заң нормаларын нақты түсіндіруге, баламалы бұлтартпау шараларын қолдану, ШМБ және ЖЖА туралы өтінішхаттарды қарау жөніндегі Жоғарғы соттың ұсынымдарын орындауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен судьялық әдеп нормаларын бұзуға жол бермеуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Жоғарғы сот төрағасы облыстық және оларға теңестірілген соттардың басшыларына мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы дауларды қарау кезінде мемлекеттің мүддесін «жалған қорғауға» жол бермеу туралы Президент тапсырмасын, сондай-ақ сот төрелігінің тиімділігін арттыруға бағытталған тапсырмаларды орындауды жалғастыру қажеттігін еске салды.